Жақында ғана кәсіби мерекелерін атап өткен ұлағатты ұстаздар қауымына тосыннан қуаныш сыйлау әлі жалғасуда. Өткен аптаның бейсенбісі күні Шамалған ауылдық округіне қарасты «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы мерекелік шара ұйымдастырып саналы ғұмырын алтын ұя – мектеп қабырғасында өткізген ардагер мұғалімдерге құрмет көрсетті.
Кештің шымылдығы оқушылардың орындауындағы «Мектебім, аяулы мектебім» атты әсем әуенмен ашылды. Мұнан кейін жиынға арнайы шақырылған ауылдық округтің әкімі Ержас Тоқтасынов сөз алып, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, ізгі ниеті мен ақ тілегін білдірді.
– Қай кезеңде болсын тәлім мен тәрбие беру – ең ұлы мұрат. Бұл орайда, оқушы зердесіне осынау асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны – ол ең алдымен – ұстаз. Ендеше, мұғалімдер күні – орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Олай болса бүгін осында жиналған сіздерді – ұстаздар қауымын мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!, – деді Ержас Серғазыұлы.
Әкіммен бірге бүгінгі жиынға келген аудандық білім бөлімінің әдіскері Айнұр Нұрғазықызы сөйлеп, балаға мектеп табалдырығын аттаған соң ақыл, біліммен бірге ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытушы ұстаз екенін айтып, еліміздің болашағы жастарды тәрбиелеуде өзінің үлесін қосып жүрген ұстаздарымызға ризашылығын білдірді.
Мұнан кейін Айнұр Нұрғазықызы Ержас Серғазыұлымен бірге көп жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен үлес қосып жүрген Болатбек Жұмағұлов, Рабиға Юнусова сияқты бірқатар ардагер ұстаздарға «Алғыс хаттар» табыс етті.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін шараның құрметті қонақтары, ардагер ұстаздар өздерінің бұл мамандыққа қалай келгендері, мұғалім болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керекті жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар, мерекелік кеште білімгерлер арнаулар мен ұстаз жайлы жазылған өлең шумақтарын оқып, өздерінің мұғалімдеріне деген алғыстарын білдірді.
Жиын соңы ұстаздардың құрметіне арналған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.