Аубай туралы алғашқы рет айтып, сырттай таныстырған мектептегі досым Үсенбай Манапбаев еді. Ол Аубай екеуі жерлес әрі ағайын-туыс болды. Екеуі де Алматының жанындағы қазіргі Қарасай ауданы Әйтей ауылының тумалары. Үсенбай екеуміз Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ ер балалар мектебінің интернатында жатып оқыған, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде қара нанды бөліп жеген достар едік. Кейін бір кездесуде ол маған: «Ауылымыздан шыққан, өзі алғыр, пысық, жігерлі, ақылды Аубай деген інім бар, соны саған таныстырып қояйын», – деді. Ол інісі туралы біраз әңгіме қозғайтын. Оның Ауылшаруашылық институтын бітірген инженер маманы болса да, ел ісіне көп араласатынын, үлкендердің ақыл кеңестерін ықыласпен тыңдап, кішілерге, ісі түскендерге аянбай көмек көрсетіп, ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімелерін зор ыждаһатпен жинап-теріп жүретінін айтушы еді. Сондай-ақ елдің өткен тарихына ден қойып, ауызша-жазбаша ата-бабадан келе жатқан шежірелерді жинастырып жүргені жайлы да көп түсіндіретін. Мен оған: «Бәрекелді, өсіп келе жатқан бір азамат інің бар екен ғой!», – дедім. Бірақ Үсенбайдың жақсы көретін Аубай інісімен танысудың көпке дейін сәті түспеді.
Аубаймен алғаш бетпе-бет танысуым екеуміздің Алматы қаласындағы Медеу ауданында қызмет істеп жүрген кезімізде болды. Онда да етене араласып кетпедік. Аубаймен Бәйдібек баба ұрпақтарының шежіресін жиып-теріп кітап етіп шығару ісін қолға алғанда жиі араластым.
Қазақ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың ұлттық сана-сезімі оянып, ғасырлар бойы басылып қалған рухы көтеріліп, өзінің түп-тамыры тарихын іздей бастады. Ұмытқандарын еске алып, өлгендерін тірілтіп, өшкендерін қайта жандыра бастады. Осы тұста қазақтың атпал азаматы, ғалым, жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбеков: «Біздің халықтың тарихы шежіреде. Сондықтан халқымыздың ұмыт боп бара жатқан шежіресін жинайық, шатасқан жерлерін түзетіп, бір жүйеге салайық. Сөйтіп, қазақ елінің ақиқат тарихын жазуға көмек етейік. Осы іске қазақтың барлық аймақ-өңірлердегі шежіре білетін, қолдарында ата-бабадан қалған шежіре-жұрнақтары бар зиялы азаматтар атсалысыңдар», – деп ұран тастады.
Ұлы жүз ішіндегі Бәйдібек бабадан тараған ұрпақтардың шежіресін жасауды бірінші болып Аубай Байғазыұлы қолға алды. Ол кезде Аубай өз қызметімен қатар «Шапырашты Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқаратын.
Аталмаш шежірені жинап-теріп бір ізге түсіру үшін үлкен комиссия құрылды. Соның мүшесі етіп мені де енгізді. Осы кезден бастап Әукеңмен өте жиі араласатын болдық. Бұл істе үлкен қызмет атқаратын талантты жазушы, сол кездегі халықаралық Жамбыл қорының Президенті Нағашыбек Қапалбекұлы болды. Бірнеше рет бүкіл Қазақстанды шарлаған «Ата ізімен» атты экспедициялар ұйымдастырылды. Әукеңмен аса зор ұйымдастыруышылық, білімпаздық кабілеттерінің арқасында 2000 жылы «Бәйдібек баба – алып Бәйтерек» шежіре кітаптарының бірінші томы жарық көрді. Ол кітапта Бәйдібек бабадан тараған Сарыүйсін мен Шапырашты руларының шежіресі берілген.
Мен білетін Әукеңнің ең жоғары қасиеті оның кісілігі еді. Қазақта кісілік деген сөз өте жоғары ұғымды білдереді. Кісілік – адам болып өмір сүрудің жоғары деңгейі. Халқымызда адамгершілік биік, ағайын-бауыр, тума-туыс, дос-жаран арасында беделді адамды «кісілік адам», «жақсы кісі» деп айтады. Ондай азамат өзінің жеке басын, туған-туысқандарының қамын ғана емес, бүкіл қоғам мүддесін ойлайды. Әукең елдің ардақтысы, ұлтжанды, инабатты, әдепті, иманжүзді азамат еді. Осы жерде баса айтатын Әукеңнің бір ерекше қасиеті – оның алғырлығы, өжеттігі. Не істі бастаса да тез, тыңғылықты орындап тастайтын. Лауазымды адамдардың алдында орынсыз мәймөңкелемей, турасынан тіліп, шындықты сырттан сыбырламай бетіне айтатын. Сөйтіп, «тура биде туған жоқ» дегендей, кейбір таныс қызметтес әріптестеріне жақпай да жүретін.
Ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Сирек емес адамдар, бірақ сирек кісілік, кісіліктің қадірін біл түсініп», – дегендей, қайран Әукең сирек кездесетін кісілігі мол азамат еді. Туған жұрты ел үшін еміреніп, халқына қалтқысыз қызмет еткен Әукең сияқты азаматтарын әрқашанда қадірлеп, қастерлеп, мәңгі есінде сақтайды деп ойлаймын.
Жалмұхан ТҮРКПЕНҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің және Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры.
Қарасай ауданы.