Жуырда Талдықорған қаласы Тіл сарайында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті мен Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен, «Egov-жаршысы-2021» жобасының қорытынды жабылу салтанаты өтті. Аталған шара барысында облыстың үздік еріктілері марапатталды. Олардың қатарында оқ бойы озық тұрған шамалғандық Аяжан Усенова бірінші орын иеленді.
Байқау аясында еріктілердің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша істеген жұмыстары сарапқа салынған. Қатысушылардың арасынан өзінің жұмысының тиімділігімен жоғары бағалауға ие болған жерлесіміз Аяжан үздіктердің қатарынан көрінді. Ол ағымдағы жылдың соңына дейін 3500 жуық азаматқа «Egov» порталы арқылы қызмет алуға көмек көрсеткен.
Жалпы, «Egov жаршысы» жобасы республика бойынша алғаш болып Алматы облысында жүзеге асырылып келеді. Бұл нысаналы бастаманың міндеті облыс халқының 80 пайыздан астамын ЭЦҚ кілті мен мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық форматта алуға дағдыландыру. Сонымен қатар, «Egov» порталы арқылы көрсетілетін қызмет барысын насихаттау мен жіті түсіндіру де басты назарға алынған. Аталмыш жоба төңірегінде мемлекеттік қызметтердің 87%-ға жуығы электронды түрде іске асатын болса, ал, қалған 106 қызмет түрі ХҚКО арқылы қағаз жүзінде көрсетілуде.
Бұрым ОРЫНБАСАР.