Өткен аптаның сенбісі күні Қостанай облысында алапат өрт тұтанып, осы өңірдің тыныштығы бұзылды. Айтып келмейтін апат осы аймақтағы Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарға дейін тарады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Қостанай жеріне арнайы келіп, халықтың жағдайын біліп қайтты. Үкіметке тиісті тапсырмаларды жүктеп, оттың ортасында қалған жұртшылықты сабырға шақырып, барлығы қалыпқа келетінін жеткізді.
Алыстағы ағайынның ахуалына әр өңір алаңдаушылық білдірді. Қиындықтың еңсеру үшін гуманитарлық көмектер аттанды. Осындай қайырымды істен Қарасай ауданы да шет қалған жоқ. Тілсіз жаудан зардап шеккен Қостанай өңірінің халқына гуманитарлық көмекті аттандыру үшін аудан кәсіпкерлері қаражаттарын бөліп, қолда барымен бөлісіп, береке бірліктерін танытты.
Қостанайлықтарға қажетті заттарды сұрыптап, оларды жүк көліктеріне тиеу жағын ұйымдастырудың басы-қасында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ғазиз Малдыбаев жүрді.
Әкім орынбасары Дулат Мұратұлының айтуынша, қайырымдылыққа атсалысқан аудан кәсіпкерлерінің арқасында құны 19-20 миллионға тең келетін ақшаға ең қажетті заттар жиналды. Олардың барлығы салмағы 10 және 20 тонна болатын жүк көліктеріне тиелді.
Қарасай ауданынан жөнелтілген екі КАМАЗ осы аптаның сенбісінде алдымен Іле ауданына барып, облысқа қарасты басқа ауданның жүк көліктерінің қатарына қосылып, Қостанай облысына жол тартты.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ресми мәліметіне сүйенсек, гуманитарлық көмекке зор үлес қосқандардың бірі – «Altyn Orda New Company» ЖШС. Аталмыш компания құны 15 млн болатын азық-түлікпен және ең қажетті заттарды қамтыған. Оның ішінде макарон, күріш, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, тәттілер, тұз, ауыз суы, шай, балалардың және ересектердің қажеттілері, төсек-орын жабдығы, жөргектер, дәретхана қағазы бар.
Дәл сол сияқты «KZ Recycling», «Sachiko-Olzha Products», «Маолин», «Хамле Компании», «Чайный центр» сияқты компаниялар да өздерін өндіретін өнімдерден бөлек, басқа да керекті гуманитарлық заттармен қамтамасыз етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.