20 қараша – кезектен тыс Президент сайлауы. Еліміздің тағдырын шешетін тарихи таңдауға 18 жастан асқан әрбір азамат құқылы. Осы орайда арнайы құрылған облыс пен аудандық қоғамдық штабтың мүшелері бүгінде ауданымыз бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Сондай шараның бірі өткен аптаның жұмасы күні аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында өтті. Нақтырақ айтқанда, ҚР Президенттігіне Халықтық коалициядан ұсынылған үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері Қаныбек Айтжанов және Илимдар Камилов аталмыш орталықтың ұжымымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған айшықты ойлар мен іске асырылып жатқан байыпты істер нәтижесі жайлы сөз қозғады.
Сондай-ақ үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оның басты бағыттарына тоқталып, маңызды ақпараттармен бөлісті. Алда келе жатқан сайлау науқанының маңыздылығына тоқталып, жиылғандарды осынау сындарлы шақта байыпты шешім қабылдап, сайлауға бір кісідей қатысуға шақырды.
Жиын соңында штаб мүшелері сайлау бойынша қатысушылардың қойған сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.