Ресей Президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте халық алдында сөз сөйлеп, ішінара мобилизация туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. Әлемнің назарын аудартқан бұл жаңалық кімді болсын елең еткізгені анық. Жарияланған мобилизациядан кейін аталған елден көршілес мемлекеттерге бас сауғалап, шекара асып ағылғандар көбейді. Оның ішінде Қазақстанға қарай арнайы бет алған ресей азаматтарының да қарасың қалың болды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сүйенетін болсақ, Ресей жеріндегі мобилизация жарияланған, яғни, 21 қыркүйектен бастап ел аумағына 98 мың азамат кірген. 64 мың ресейлік көрші елге өткен екен. 8 мыңға жуық резидент емес адам ЖСН алған.
Қазіргі таңда Ресей жерінен келгендер Қазақстанның әр аймағына тұрақтауда. Оның ішінде шекаралас жатқан Орал қаласы арқылы ел астанасынан бастап, басқа да бірнеше қалаларға келіп қоныстануда.
Қарасай жері Алматымен іргелес жатқандықтан біздің ауданға да ресейліктердің келгенін ұзынқұлақтан естіп жатқанымыз бар. Десе де анық ақпаратқа көз жеткізейік деген оймен Қарасай аудандық Полиция басқармасының Көші-қон полициясынан нақты деректі білуді жөн санадық. Аталған мекеменің берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 577, ақпан айынан 511 ресейлік келген. Ал ішінара мобилизация жарияланған 21 қыркүйектен бастап Қарасай ауданына 76 азамат кірген. Бұл – 28 қыркүйек бойынша көрсеткіш.
Жалпы көршілес елдің адамдары біздің жерге ат басын тіреуін әркім әртүрлі пейілпен қабылдауда. Алайда халықтың басым көпшілігі олардың мемлекетімізді мекен етуіне наразылықтарын білдіруде. Қоғамның тыныштығы үшін Үкімет бұл жағдайды басты назарда ұстауда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де елдегі ахуалға бей-жай қарамай, Түркістан облысына барған сапарында жұртшылықты алаңдатқан мәселеге пікір білдірді.
– Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді, – деп айтқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жұмыстың бәрі заң бойынша жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешетінін мәлімдеді.
Ал ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сәрсенбі күні өткен брифинг барысында Ресей азаматтарын өз еліне қайтару туралы мәселеге ерекше тоқталды.
«Ресеймен құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды алмастыру және қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша шарттар бар. Бізде де, Ресейде де ең маңызды қағида – қылмыстық іс. Сонымен қатар іздестіру жарияланған жағдайда оларды анықтап, Ресейге экстрадициялау тәртібі бойынша қайтарамыз», – деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ министр әскерден қашқаны туралы қылмыстық іс қозғалмаған жағдайда экстрадиция жасалмайтынын атап өтті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.