Спорттық бәсекелердің жүзеге асуына қашанды қонақжайлылығын білдіретін Қарасай ауданында өткен аптада әуесқой ерлер арасында волейболдан жарыс өтті. Әр өңірдің командаларын басын қосып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен бұл турнирді Алматы қалалық Волейбол федерациясының қолдауымен «Аль-Азим» қоғамдық қоры және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.
Екі күнге жоспарланған аталмыш жарыс Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілді. Турнирге республиканың әр түкпірінен 16 команда жиналып, төрт топқа бөліну арқылы бақтарын сынады. Шаршы алаңда өткен бұл ойынның негізгі мақсаты – ел арасында волейболды насихаттап, оны серік еткен жандардың шеберліктерін шыңдау, спорттық бәскелестік арқылы достықты нығайту.
Жарыстың алғашқы күнінде ұйымдастырушылар волейболшыларға ойынның шартын түсіндірді. Сонымен қатар, дәл осы күні, яғни, салтанатты ашылу рәсімінде Қарасай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов барлық командаларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ойынға сәттілік тіледі.
Әр өңірден келген топтың бақталасы тартысты өтті. Жеңімпаз команда ұпай саны арқылы анықталғандықтан, волейболшылар өз шеберліктерін жан-жақты көрсете білді. Алайда, сайыс болған соң чемпиондық дәрежеге біреуінің жетуі заңдылық. Сонымен жарыстың екінші күнінде кіл мықты анықталып, жарыстың жеңімпазы Алматының «ҚазНАУ» командасы болып танылды. Жүлделі ІІ орынды да осы қаланың атынан сынға түскен «JMI» командасы алса, ІІІ орын Шығыс өңірінен келген «Барақ батыр» жігіттеріне бұйырды. Ал, IV орынға киелі Түркістан облысының «Бәйдібек» командасы лайық деп танылды. Барлық жүлдегерлерге тиісті кубоктар мен арнайы дипломдар, сондай-ақ, әр команданың жаттықтырушыларына жеке марапаттар табыс етілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.