Қарасай жерінде жыл сайын аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың жүлдесіне арналған спорттық ойындар дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ұлт тұлғасын ұлықтауға арналған игі бастама биыл да ұйымдастырылды. Анығын айтқанда, Райымбек ауылдық округіндегі «GULNAR BAQ» демалыс және спорт базасына жиналған жұрттың қарасы қалың болып, Димаш атаны еске алу, рухына тағзым ету шарасы лайықты деңгейде өткізілді.
Спорттық шара осыдан бір апта бұрын құмдағы волейболдан басталып, жексенбі күні ұлттық ат спорты түрлерінен болған дүбірлі додамен аяқталды.
Турнирдің соңғы күні тартысқа толы болды. Оның ашылу салтанатына еліміздің түрлі саласында еңбек еткен, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі азаматтар қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Шарада құрметті қонақтардың қатарынан табылған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев ізгі тілегін жеткізіп, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Онда: «Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазақстанды ұзақ жыл басқарып, елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Халқына адал қызмет етіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Халқымыз ұлы тұлғаның елге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Қапшағай қаласының Қонаев болып өзгертілуі – соның айқын дәлелі. Ардақты азаматтың өмір жолы өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз» – делінген.
Ал Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Димаш Ахметұлының еңбек жолы мен игі істерін айтып, дүлдүлдердің дүбірлі додасына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде жұртшылыққа ақ тілегін арнау үшін осы турнирдің қаншама жыл қатарынан ұйымдастырылуына ұйытқы болып жүрген генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев сөз алып, осы кештің куәсі болған барлық қонаққа алғысын білдірді. Айта кетейік, Амангелді Смағұлұлы дәл осы сахна төрінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатымен марапатталды.
Ат спортының жарысы теңге ілумен басталып, қыз қуу, садақ ату сияқты бәсекелерге ұласты. Десе де ел күткен дода тұлпарлардың тайталасы екенін айта кету керек. Атқа қонған азаматтар бәйгенің жүлдесі үшін жанын салып, осы турнирдің көркін қыздырды. Бәсеке бар жерде жеңіліс пен жеңіс қатар жүргендіктен, біреудің бағы жанатыны айдан анық. Сонымен 15 шақырымдық топ бәйгеде Талғар ауданының шабандозы қарсыластарын шаң қаптырды. Талғарлық Мерхат Бұлғыновтың «Роза» деп ат қойған сайгүлігі мәреге бәрінен бұрын жетті. Екінші болып Жамбыл ауданынан Арыстан Күдебаевтың аты келсе, үшінші орынның жүлдесі Жамбыл облысы Қордай ауданына бұйырды, аттың иесі Әли Нұрмұхаметов.
Ал Аламан бәйгеге келер болсақ, оның бас жүлдесі Жамбыл ауданына бұйырды. Бақытбек Мырзабаевтың «Айсуаты» жарыс жолында басқалардан оза шауып, 25 шақырымды алғашқы болып бағындырды. Екінші мен үшінші орындар Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген қос тұлпарға берілді.
Айта кетейік, ұлт мақтанышы Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған облыстық ашық турнирде волейбол ойыны бойынша 32 команда бақ сынаса, бәйгеге Алматы облысына қарасты аудандардан бөлек, республиканың өзге өңірлеріндегі спортшылар да қатысты.
Жеңімпаздарға автокөліктің кілті, ал жүлдегерлерге ақшалай сыйақы табысталды.
Спорттық шара аяқталған соң, Димаш атаның рухына арналып 2000 адамға ас берілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.