«Жетісу бөрісі» деп аталатын турнирдің іріктеу кезеңі 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Аудан ішінде қазақ күресін дамытып, насихаттауды мақсат еткен түйе балуандардың белдесуі биыл да жалғасын тапты.
Аудан әкімінің жүлдесі сарапқа салынған «Қарасай бөрісі» аудандық турнирі өткен аптаның сенбісінде ұйымдастырылды. Оған кіл мықты деп танылған 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары әр округтен екі спортшыдан қатысты. Қарасайлық балуандар Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің боз кілемінде белдесті.
Қазақ күресінің қыр-сырын меңгергендер жарыс барысында шеберліктерін жан-жақты байқатты. Жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Алайда білекті жігіттердің ішінде оза шапқандар болды.
Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар демеушілердің қолдауымен қаржылай сыйақыға кенелді. Сонымен Жамбыл ауылдық округінің балуаны Өріс Абдибан турнирдің үздігі атанып, аудан әкімінің бас жүлдесі «Қарасай бөрісі – 2022» белбеуіне ие болды. Сонымен қатар жеңімпаз балуанға 150 000 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. ІІ орынның жүлдесі әйтейліктердің намысын қорғаған Шыңғыс Тұрсынхановқа бұйырды. Оған 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Ал үздік үштіктің қатарынан көрінген Шамалған ауылдық округінің спортшысы Әлібек Сәндібековке ІІІ орынның жүлде қоры – 50 000 теңге бұйырды.
Жарыс жеңімпаздарын Қарасай ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова, Қарасай ауданының бұқаралық, спорттық іс-шаралардың өткізу орталығының директоры Қуаныш Ахметжанов және ауданның қазақ күресінен бас төрешісі Қайрат Қуандықов марапаттап, чемпиондарға лайықты арнайы дипломдарды, медальдарды табыс етті.
Өз тілшіміз.