Күні кеше Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының перзентханасында дүниеге келген үшем анасымен бірге үйлеріне шығарылды.
22 ақпан күні Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылының 29 жасар тұрғыны Ақмарал Айдар үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды. Ақмаралды күміс алқа иегері атандырған бөбектердің екеуі ұл, ал біреуі қыз болса, салмақтары туғанда 1 820, 2 460 және 2 100 граммнан болыпты. Аналары үшемді 36 аптада, мерзімінен ерте кесір тілігі арқылы босанды. Ақмарал мен күйеуі Талғат сәбилерге Садық, Сыдық және Қаракөз деген есімдер беріпті. Бір айға жуық бойы дәрігерлердің бақылауында болған ана мен бөбектер бүгін үйлеріне оралды. «Қазір денсаулықтары жақсы, жағдайлары қалыпты, денсаулықтарында ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының патология бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Қалдыбаев.
Бір қызығы, Талғаттың да, Ақмаралдың да отбасында үшем болып дүниеге келген туыстары жоқ. Жас отбасы үшем дүниеге келетінін алғаш естігенде таңғалғанын жасырмады. Бір өкініштісі бірден көпбалалы отбасыға айналған Талғат пен Ақмаралдың өз үйлері жоқ, туысқандарымен бірге тұрады. Жас отбасы «Балаларымызға емін еркін ойнайтын шаңырағымыз болса»,– деген арман тілектерін бөлісті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.