Қыс мезгілінің алғашқы айында қардың қалың түсуі салдарынан талай жолдар оның құрсауында қалып қана қоймай, көптеген автомобильдердің қозғалысына да кедергі болатыны белгілі. Осы ретте, қыстың қытымыр аязында әр өңірдегі қар тазалау жұмыстарының маңызы зор. Біздің аудан ішінде мұндай шаралар өз деңгейінде атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн.
Қарасай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданымызға қарасты республикалық маңызы бар жолдардың бойында (Алматы – Бішкек, Алматы – Нұр-Сұлтан, Алматы – Жандосов) «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өз тарапынан жауапты жұмыстарды атқаруда. Нақты айтқанда, аталмыш компанияның құзырындағы «Казахавтодор» ЖШС мердігер мекемесі 16 арнайы техникалармен қызмет көрсетіп, жол бойындағы қар тазалау жұмыстарын жүргізуде. Техникалардың қатарында бульдозер, автогрейдер, трактор, КДМ Камазы және КО-713 ЗИЛ көлігі бар. Ал, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына 22 арнайы техникасымен «ДРСУ-8» ЖШС жауапты. Мекеме тарапы автогрейдер, МТЗ тракторы, жүк тиегіш эксковаторы, КамАЗ және тағы басқа техникалар арқылы жауапты қызметтерін уақтылы жүзеге асырып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, аудан бойынша әр учаскелік орындарда жауапты мамандар тәулік бойы кезекшілік жұмыстарын атқаруын жалғастыру үстінде.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарда қызмет көрсететін «ДРСУ-8» ЖШС тарапынан түнгі жұмыстар да жоспарлы түрде жүргізілуде. Мәселен, күндізгі уақытта жол жиегіне көптеген автомобильдердің жиі тұрақтауы қар тазалау шараларына едәуір кедергісін тигізуде. Сондықтан аталмыш мекеме түнгі уақыт арасында жұмыстарын жалғастырып, арнайы инертті материалдарды (тұз, құм қоспалары) себу арқылы жер бетін қардан тазалайды.
Жалпы, қардың қалың түсуі кезінде ең алдымен мектептер мен ауруханалардың маңайында, елдімекеннің кіреберісіндегі жолдарда, сондай-ақ, орталық көшелердің жол бойында жұмыстар атқарылады. Қазіргі таңда аудан ішінде 109 шақырым жол қар құрсауынан тазалану үстінде. Бұл сандық көрсеткіш былтырғы немесе алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары екенін де атауға болады.
Қыз мезгілінде жол ережесіне сәйкес арнайы орнатылған бірқатар жол белгілерінің де маңызы жоғары. Осы ретте, ауданымыз бойынша оның 164 түрі орнатылғанын және автокөліктер толықтай жанар-жағармаймен қамтылғанын да қосымша жеткізгіміз келеді. Ал, осы жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы жауапты бөлімнің айтуынша, бюджет қаражаты есебінен атқарылуда.
Дидар МУХАМАДИЕВ.