Елімізде карантин режимі жеңілдетілгенмен, санитарлық талаптардың сақталуы басты назарда. Ауданнан құрылған мобильдік топтың кезекті тексеру жұмыстары осы аптаның сәрсенбі күні «Aport Mall» ойын-сауық сауда орталығында жалғасты. Аталған молл Алматы-Бішкек күре жолының бойында орналасқандықтан, бұл орталық Алматы қаласы мен облыс тұрғындары үздіксіз ағылып келетін жерлердің бірі. Себебі, бұл нысанда «Hawaii»&«Miami» аквапарктері, «Магнум» супермаркеті, «Funky Town» балаларға арналған ойын алаңы, кинотеатрлар мен әртүрлі саладағы тауарлар сататын бутиктер бар. Сондықтан адамдар көп шоғырлануы мүмкін орындардың бірі.
Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Олжабаев жетекшілік еткен комиссия мүшелері әрбір сауда нүктесіне кіріп, карантиндік шаралардың қалай сақталып жатқанын бақылады. Мәселен, аумағы кең «Магнум» азық-түлік дүкендер желісінде қосымша санитайзерлердің орнатылу қажеттелігіне және нан өнімдерінің орналастырылуы қатысты ескерту жасалынды. Ал, қызметкерлердің барлығы қауіпсіздің құралдармен, кассадағы мамандар пластикалық бетперделермен қамтылған. Келесі тексеру аймағы сұлулық салоны болды. Бұл қызмет көрсету саласы адамдармен жақын қарым-қатынаста болатыны барлығына белгілі. Сондықтан екі есе қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет. Салон басшысы болса шеберлер жұмыс істеуге ыңғайсыз деген сылтаумен қолғапты қолданбайтын көрінеді. Өрескел қателікке жол берген оларға соңғы ескерту берілді.
«Hawaii»&«Miami» аквапарктері санитарлық талаптарға ерекше мән берілетіні бірден байқалды. Шомылуға келген адам бассейнге бармас бұрын, антибактериалды сабынмен жуынуы қажет. Одан кейін едендегі дезинфекциялық сұйық толтырылған арнайы орынға аяқтарын тағы жуады. Міне, осылардан өткен соң ғана хауыздарға баруға рұқсат. Бұл жерде тек кассада антисептик болмауына байланысты ескерту жасалынды.
Жалпы, алғанда Азиядағы ең ірі моллдардың бірі саналатын «Aport» шынымен-ақ, санитарлық талаптардың стандартына сай келеді. Күніне екі рет деохлормен өңделіп, үш сағатта бір ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Аумағы үлкен дүкендердің ішінде жекелей кварц қондырғылары орнатылған. Ал, кіреберісінде әрбір адамның сыртқы киімін өңдейтін дезинфекциялық құрылғы мен кілемше қойылған. Ойын-сауық сауда орталығына тексеріс барысында айтылған ескертпелер, орталық әкімшілігінің мұрындық болуымен сол уақытта қалпына келтірілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.