Жерлесіміз, белгілі журналист Қанат Тәкебаев жақында, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Оның куәлігі мен төсбелгісін Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің өзі тапсырды.
Қазіргі кезде зейнеткер Қанат Тұрсынұлы жас шағынан бастап ұзақ уақыт бойы баспасөз бен радиода жемісті еңбек еткен. Айталық, ол өзі туып-өскен Нарынқол (қазіргі Райымбек) аудандық газетінде, одан кейін Қазақ радиосында, республикалық «Парасат» журналында, сондай-ақ Қарасай аудандық «Заман жаршысы» (қазіргі NAQTY) газетінде қызмет істеген. Төрт-бес жыл Қазақ ұлттық аграрлық университеті баспасөз бөлімінде тер төккені тағы бар.
Райымбек ауданының Құрметті азаматы және «Қазақ журналистикасының қайраткері» атақтарының иегері. Сондай-ақ Қазақстан журналистер одағының сыйлығына да ие болған.
Құрметті демалыста болса да, жасы жетпістен асса да Қанекең бүгінде Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде елге, ортақ істерге өз үлесін қосып жүр.
Біз сөз соңында Қанат Тұрсынұлын осындай абыройлы атағымен шын жүректен құттықтай отырып, алда да жақсылыққа жете беруіне тілектес екенімізді білдіреміз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.