Осы аптада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданының халқымен кездесті. Оның барысында аудандағы тұралап қалған мәселелерге тоқталып, өңірдің әлеуетімен танысты.
Жалпы, облыс экономикасының дамуына Кеген ауданы да өз үлесін қосып келеді. Аталған ауданның экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған. Осы сала бойынша жалпы өнім көлемі 37 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 24 млрд. теңгеге жетті. Өңірдегі кәсіпкерлік субьектілер 15 млрд. теңгенің қызметін көрсетіп, ауданның бюджет қоржынына 3 млрд. теңгенің салығын құйды. Өткен жылдың ауқымында ауданда 6 млрд. құрылыс жұмыстары жүргізілді. Көлсайдың, аудандағы туризмнің арқасында өткен жылы таулы аймаққа 200 мыңнан аса туристер келіп, бюджетке 65,7 миллион теңге қаражат түскен. Облыстың егістік жерлерінің көлемі 462 мың гектарға жетсе, оның 7%-ы ауданға тиесілі. Соның ішінде 65% жем-шөп, 26% дәнді дақылдар, 8,1% картоп өнімінен алынған. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 31 млрд. теңге субсидия бөлінсе, биыл – 33,7 млрд. теңге қарастырылған. Ал былтыр Кеген ауданының 182 шаруақожалықтары 475,7 млн.теңгеге қолдау алған. Өткен жылы Қарқара ауылынан 30 адамға арналған дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Кеген, Саты ауылдарында ауылдық әкімдіктің жаңа кеңсе ғимараттары салынды. Өткен жылы 36 тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта 20 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Биылдан бастап жалға берілетін 30 үйдің құрылысы басталады. Аудандағы Қарқара, Бөлексаз, Жалаңаш ауылдарынан заманға лайық жаңа Мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары жалғасып келеді. Былтырғы жылдың ауқымында аудандағы екі мектептің, 1 балабақшасының, аудандық аурухананың, Жалаңаш ауылдық ауруханасының, Тоғызбұлақ дәрігерлік ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Білім саласы бойынша, алдағы бес жылда ауданда 1 спорт, 3 орта мектеп салынады. Сонымен қатар, ауылдардағы химия, физика, биология пәндері бойынша 17 модификациялық, 50 компьютерлік сыныптарды жабдықтау жоспарланып отыр. Ауданда өндіріс көлемінің 90 пайызы Мойнақ су электр станциясына тиесілі. Бүгінгі таңда ауданда небәрі 10 өнеркәсіптік кәсіпорын бар.
Басқосу барысында облыс әкімі аудан инвестиция тарту бойынша 1,2 пайыз үлесімен облыста 9-орында тұрғанын айтты. 2022 жылы бұл аумаққа 7,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы орайда, облыс бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 104 жобаның 9-ы Кеген ауданына тиесілі екенін айта кету керек. Алайда, олардың 8-ін іске асыру жұмыстары тоқтап тұр. Осы ретте аудан әкімі ауданға инвестиция тарту жұмысын өз деңгейінде ұйымдастырмай отырғанын айтып, Марат Сұлтанғазиев басшылықты сынға алды. Бұл мәселені шешу үшін іске асырылмай тұрған жобалардың себебін анықтап, қолдау көрсету арқылы шаралар қабылдауды және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуды облыс әкімі өзінің орынбасары Арслан Дәндібаевқа, кәсіпкерлік басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторлармен кездесу өткізуді тапсырды. Облыс әкімі биыл мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталғанын, оның басты мақсаты – ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру екенін айта келе, аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге қарастырылғанын, оның ішінде Кеген ауданына 3,8 млрд теңгеге 418 өтінім қанағаттандырылатынын алға тартты. Фермерлерге де айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетіледі, соған орай жұмсалған әрбір теңгеден еселенген қайтарымы болуы қажет. Облыс әкімінің орынбасары Р. Т. Рақымбековке, облыстық ауылшаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторларды тарта отырып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер ашуды, өңдеу кәсіпорындарының толыққанды жұмысын қамтамасыз ету үшін облыстағы шаруа қожалықтарымен шикізат өткізу жұмысын күшейтуді, заманауи технологиямен жабдықталған көкөніс қоймаларын салуды, пайдаланылмай жүрген ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару әрі жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Облыс әкімінің халықпен кездесуінде көп көтерілген сұрақ – инфрақұрылым мәселесі. Тұрғындарды республикалық маңызы бар «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық паркіне апаратын автожолының жағдайы алаңдатады. Өңір басшысының өз сөзінде, туристік бағыттарда инфрақұрылымды құру шеңберінде төменгі Көлсай көлінің жағалауында жарықтандырылған пирс, үстелі мен орындықтары бар демалыс орны, жеке орындықтар, фотоаймақ пен шолу алаңы, ақпараттық тақталар, бағыт көрсеткіштері, қоқыс контейнерлерін орнату көзделіп отырғанын айтты. Сонымен қатар ол Саты ауылынан Күрметі ауылына дейінгі аудандық маңызы бар автомобиль жолының (Көлсай көліне кіреберіс) 7 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанын айтты. Алдағы уақытта «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін қоса алғанда, жалпы ұзындығы 337 км-ден асатын туристік жолдарды жабдықтау жоспарланып отыр. Құрылысқа 806,4 млн теңге жұмсалмақ.
Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев халықпен кездесуінде елді мекендердегі тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін Кеген және Райымбек аудандарын қамтитын ұзындығы 229 шақырыым «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын салуға жобалау-сметалық құжаттарын әзірленіп жатқанын, құжат жұмыстарының биылғы жылдың алғашқы жартысында аяқталатынын айтты. Соның нәтижесінде 47,4 мың тұрғыны бар 23 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Кеген ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан кей салаларда бірқатар мәселелер тұралап тұр. Халықты алаңдатқан келесі мәселе – ауыз су. Кеген ауданында 34 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 221 шақырым. Өңір басшысының халықпен кездесуінде Бөлексаз ауылындағы су мәселесі айтылды. Ауылға тұрғыны Дәулет Шыңғысұлы үш жылдан бері су берілмей отырғанын, күніне 6 сағаттан астам уақыт су алуға кезекте тұратынын айтып налыды.
– Бөлексаз ауылында 2020 жылдан басталған күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2021 жылдың қазан айына белгіленген болатын. Сот шешімі негізінде мердігер жұмысты 2023 жылдың 30 маусымына дейін аяқтауға міндеттелген. Бүгінге дейін 95 пайыз жұмыс аяқталған, – деп атап өтті Кеген ауданының әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбеков.
Келесі сөз алған Қоғамдық кеңестің төрағасы Халық Зықаев Кегендегі балабақшалардың қабырғасы қақырап, еденінен су өткенін айтты. Қоғам белсендісінің сөзіне сүйенсек, Кеген ауылында 2 балабақша бар. Бірақ, екеуінің де сапасы сын көтермейді. Себебі 4 жыл бойы кәріз суы еденнің астына толып қала беретін болған. Сәйкесінше нысандардың қабырғасы қақырап, ғимаратқа айтарлықтай нұқсан келген.
– Балабақшалар әлі де қолданыста. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. 1-қабатта орналасқан топтардың балалары 2-қабаттағы екі топқа бөлініп, тәрбиеленіп жатыр. Сөзім өтірік болмасын деп осы жиынға келмес бұрын балабақшалардың жағдайын көзбен көріп қайттым. Жағдай көңіл көншітерліктей емес. Ғимарат алда-жалда опырылып түссе, жағдай не болмақ? – деп ашынды ақсақал.
Ал жиынға қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева болса, мәселеден хабардар екенін жеткізді.
– Былтыр ол нысандарға барып, жағдаймен таныстым. Қазіргі таңда ғимаратқа жөндеу жұмысын жасау үшін бюджеттен ақша қарастырылып тұр. Тек конкурс арқылы мердігер компанияны анықтау қажет, – деді басқарма басшысы.
Жиналыс соңында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков қасиетті Рамазан айының шапағаты мол болсын дей келе, көпшілікке ақ батасын берді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.