Алматы облысында алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік пен комплаенс институтына арналған Форум өтті. Форум барысында аталған қызметтердің үздік тәжірибелері талқыланды.
Іс-шараға 250-ден астам адам, оның ішінде облыстық маслихат депутаттары, қоғамдық Кеңес мүшелері, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары мен комплаенс қызметкерлері қатысты.
Форумды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серік Орымбетов және Алматы облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушысы Нұрлан Әбдірахым ашты.
«Қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру – ортақ міндет. Бұл Форум онымен тиімді күресу үшін барлық құрылымдардың өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған», – деді өз сөзінде Алматы облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушысы Нұрлан Әбдірахым.
2 сессияға бөлінген Форумның алғашқы бөлімі жемқорлыққа қарсы волонтерлікке арналды. Онда еріктілер жұмысының нәтижесі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу порталына, бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне, аймақтағы проблемалық мәселелерге және жұмыс сапасы сәйкес емес объектілерге мониторинг жүргізуді нәтижелі ету жолдары талқыға салынды.
Форум спикері, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметі басқармасының сарапшысы Айдарханов Асан комплаенс қызметі жайлы қатысушыларға баяндады.
Комплаенс қызметі квазимемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілерінде жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың маңызды құралы ретінде жұмыс жасайды. Оның басты мақсаты – корпоративтік адалдық стандарттарының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңнаманың сақталуын бақылау.
«Біздің өңірде комплаенс институты сәтті іске асырылуда, жалпы 218 комплаенс офицер жұмыс істеуде. Офицерлер ай сайын ұйымдарда парасаттылық пен жемқорлыққа қарсы саясат қағидаттарын енгізуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізеді», – деді өз сөзінде Серік Орымбетов.
Сонымен қатар, шара аясында «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты республикалық балалар суреттері байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға облысымыздан 70 оқушы қатысып, 10-ы жүлделі орындарға ие болды.