Бұған дейін, Қалбибі Абдуллаева мен Нұрлан Ташев жалпақ жұртшылыққа сан жылдар тізбегінде жарасымды жұлдызды жұп ретінде жақсы танылып келді. Әсіресе, олардың орындауындағы А.Леубаеваның «Сен менсің…», Е.Серікбаевтың «Інжу моншақ», Н.Ташевтың «Сен сұлу» сияқты тағы да басқа әдемі де әуезді әндері көпшіліктің көңіліне орнығып, жүрегіне тура жол тапқан. Жалпы, өнер әлеміне қол ұстаса қарқынмен қадам басқандарына ширек ғасырға жуық кезеңге жақындаған әншілер бұған дейін талай үлкен сахналардан көрініп, көрермендердің көзайымына айналып та үлгерген. Танымал әндеріне түсірген бірнеше бейнебаяндары да бар.
Ал, бүгінгі таңда бұл жұп өмірлік тәжірибесінде бар жиған-терген білік-білімін өскелең ұрпаққа үйретуге, жас дарынды жеткіншектердің де жұлдызын жағып, жарқын болашақтарына жол ашуға бет бұрған. Бұл ретте былтырғы жылдың соңына таман ашылған «Қалбибі» өнер студиясы жайында жақсы әңгіме өрбітуге болады.
Негізінде, Үшқоңыр мәдениет үйіне байыпты басшылық етіп жүрген Қалбибі Абдуллаева балаларға вокалдан сабақ беруді бес жыл бұрын бастаған екен. Нәтижесі жаман емес! Алдынан дәріс алған шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды еншілеуде. Солардың ішінде облыстық «Жетісу жұлдыздары» байқауында І орын алған, республикалық «Ақ көгершін» конкурсының бас жүлде иегері 6 жастағы Әбілхайыр Жұмабаевтың және еліміз бойынша өткен «Самға жұлдыз», «Бозторғай» сияқты халықаралық ән сайыстарының жеңімпазы, бүгінде жоғары деңгейлі «Аялаған Астана» байқауында бақ сынауға дайындалып жатқан он жасар Нұрлыбек Сапарбайдың есімдерін ерекше ықыласпен атайды ұстаздары. Топ құрамында мектеп табалдырығын енді аттаған түрік ұлтының өкілі Ибраим Карсылиев та бар. Ол да бір жыл ішінде қоржынын біраз жүлдеге толтырып үлгерген екен. Солардың ішінде облыстық «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауынан І орын алғанын мақтанышпен әңгімелейді кішкентай әнші балдырған. Тек бұлар ғана емес, Қалбибі Алпысбайқызының қанатының астына жиналған жеткіншектердің барлығы да шетінен қандай сайыс болмасын топ жарып шығуға дайын. Өйткені, олар талапшыл тәлімгердің қатаң қадағалауынан қалыс қалмай, дауыстарының жетіле түсуіне жете мән беріп отырады. Бір қызығы, мұндағы жас әншілер былтыр өздерінің жеке концерттерін беріп үлгерген! Нақтылай түссек, Алтын ауыл мектебінің 9-сынып оқушысы Мадина Жұмабаева «Ақ шағала» атты, қазіргі Қаскелең мәдениет колледжінің студенті Бауыржан Қайыпбаев «Үмітімді үзбеймін» атты шығармашылық кештерін өткізсе, ақпанда Сәтбаев мектебінің 4-сынып оқушысы Еркежан Жанаттың «Іңкәр жүрек» атты жеке кеші болмақ. Бұны да ең алдымен ұстаздың бес жылдың көлемінде жасаған жұмысына есеп берудің оңтайлы амалы, екіншіден, қатарға жаңадан келіп қосылып жатқан балаларды ынталандыра, еліктіре түсудің тәсілі деп түсінуге болады. Сонымен қатар, ізбасарларын ізгілік пен жақсылыққа баулуды мақсат еткен жетекші қайырымдылық концерттерін беруді де қолға алған. Жаңа жылдың алдында ғана «Қазақстан» вокалдық тобы Қаскелең қаласындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған қосалқы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшін «Аяла» атты әдемі кеш өткізсе, енді, жақында Алматы қаласындағы қарттар үйіне барып қамкөңіл қарияларды қуантуды жоспарлап отыр.
Осындай толайым табыстар үшін талмай тер төгіп, жақсы жетістіктерге жетіп жүрген қарауындағы өнерпаздардың қарымын байқаған жетекші енді олардың алған музыкалық білімдерін құжат жүзінде бекітіп беру жағын ойластырған. Сөйтіп, заңды түрде тіркеліп, тиісті құжаттарын реттестіріп, өнер студияның есігін айқара ашты. Қазір мұнда отызға жуық бала сабақтан тыс уақытта келіп, әншіліктің қыр-сырына қанығуда. Бұдан бөлек, домбыра, қобыз, фортепиано, шертер кластарында да жоғары білімді ұстаздар дәріс береді. Білім алғандардың қолына арнайы сертификаттары тапсырылады.
– Өнер студиясының негізгі мақсаты – еліміздің мәдениет саласын дамытуға теңізге түскен тамшыдай болса да өзіндік үлес қосып, ел ішінде байқалмай өсіп келе жатқан жас дарындардың бойындағы қабілеттерін арттырып, жұлдызын жағу, – дейді Қалбибі Алпысбайқызы. – Балалардың әрқайсысын өзім көріп, вокалдық мүмкіндіктерін тексеріп қабылдаймын. Сосын, олардың дауысын дамыта түсу үшін жеке жұмыс істеймін. Бұдан бөлек, әрбірінің сахнадағы жүріс-тұрысы мен киетін киімі, айтатын әндерін де өзім таңдаймын. Өйткені, сахна өте киелі және қасиетті. Ол тек тән тазалығын ғана емес, жан тазалығын да қалайды. Орындаушы әнді жүрегінен өткізіп, шын ықыласымен айтуы керек. Онсыз шығарма тыңдарман жүрегіне жол таба алмайды. Тағы бір айтатын жайт, біздің топта дуэт, трио, квартет, квинтет, хор жанрлары қамтылған. Енді, Алла бұйыртса, 8 Наурыз – аналарымыздың мейрамына қарсы, әртүрлі аспап ойнаушылардан құрылған «Қазақстан» ансамблін көпшілікке таныстыру ойда бар. Қазір соған орай арнайы киімдер тіктіріп, қажетті аспаптарды сатып алу жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз…
Иә, шын мәнінде де, қай мереке-салтанаттарда болмасын, сахнаға шыға салып шырайын келтіріп жіберетін «Қалбибі» өнер студиясының жас дарындарының орындауындағы әндер өзінің айрықша қойылымымен де ерекшеленіп тұратынын көзі қырағы көрермен байқап үлгерген. Ерекше атасақ, хор болып айтатын «Нұраға» (сөзі Е.Жұматаев, әні И.Дәрібаев), «Қазақстаным – Ұлы Отаным-ай!» (сөзі М.Бигелдиев, әні Б.Есебаев), «Үшқоңыр» (сөзі мен әні Н.Назарбаев, А.Қоразбаев) әндерін тыңдағанда кеудеңді ерекше бір отансүйгіштік сезімі кернеп, бойыңды жалынды жігер жаулап алатыны жасырын емес!
Бұдан өзге кейіпкеріміз, «Жас қанат», «Азия дауысы» конкурстарының лауреаты Қалбибі Абдуллаева жетекшілік ететін «Үшқоңыр» ақ әжелер ансамблінің» де ауданымыздағы өнер саласында өзіндік алар орны бөлек. Үш жыл бұрын бастары қосылып, топ құрған ауыл апалары да бүгінде нағыз жұлдыздардай халықтың жақсы ықыласына бөленіп, тіпті, той-томалақтарға арнайы шақырылып тұрады екен. Бірдей көйлек, кимешектерін киіп, қаз-қатар тұрып алып халық әнін көсіле салатын 12 әженің үлкені 85-те болса, кішісі 63-те екен. Қатарластарынан қалыспай, қарттардың да өнерге таласы бар екенін дәлелдеп, байқауларда да бақ сынап жүрген ансамбльдің репертуарында жеті ән бар. Бұл аз десеңіз, алдағы уақытта жаңа «Үшқоңыр» деген әнге бейнеклип түсіру жоспарланып отырған көрінеді. Оның сөзін топ мүшесі Батиха апа халық әнінің ырғағына келтіріп жазыпты.
Міне, осылайша, жалпы айтқанда, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолынан келгенінше қолдау білдіріп, бойындағы бар білік-білімін үйретіп, күш-қайратын сарп етіп жүрген Қалбибінің өзі де көп балалы ана екендігін айта кеткендігіміз артық болмас. Жиырма жылға жуық «НұрТаш» жеке дыбыс жазу студиясының жұмысын ілгерілетіп келе жатқан жары Нұрлан Ташевтың танымал әнші Заттыбек Көпбосыновтың өнер әлеміндегі бағын ашқан «Ақмаржан» әнін өңдеп, өзге де танымал эстрада жұлдыздарының репертуарындағы шығармаларын шыңдап, жазып бергенін екінің бірі біле бермейді. Еліміздің оңтүстік өңірінде бір ауылда туып-өсіп, бір мектепте оқып, тағдыр табыстырған жарасымды жұп бүгінде Алла берген Нұрсұлтан, Бақдәулет, Даниял есімді үш ұлдың, Нағима және Дариға атты егіз қыздың ата-анасы. Бесеуінің ішінде соңғысы ғана бүгінде әншілікке жақындығын байқатып келе жатқан көрінеді.
– Өнер – Алланың кез-келген адамға бере бермейтін ерекше сыйы! – дейді кейіпкеріміз сөз соңында. – Оны кірлетпей, таза әрі биік ұстау керек. Сол дарынды шыңдау жолында аянбай еңбек етіп, тер төксе ғана жетістікке жол ашылады. Менің басты мақсатым – студия арқылы қандай да бір пайда табу емес. Шынын айтқанда, әзірге ешбір демеушіміз де жоқ. Барлық ауыртпашылықты балалардың ата-аналарымен бірге көтеріп келеміз. Реті келгенде оларға да үлкен алғысымды айта кетсем деймін. Мысалы, биыл екі-үш баламызды Болгарияда өтетін үлкен бір байқауға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы негізгі ойым – нағыз жас дарын иелерін іріктеп, мына өнер деген үлкен аламанның ішіне қосу. Әрі қарай сол қабілетті қатайта түсу, биікке ұмтылу өзіне байланысты. Жоғарыда айттық қой, кішкентай әншілерім өздерінің жеке концертін берді деп. Оған қатысқандар куә, өте жақсы деңгейде өтті! «Мұндай шығармашылық концерт пен овация бізде болған жоқ» деп Нұрлан екеуміз қалжыңдап айтып қоямыз. Шынымен де солай! Міне, менің еңбегімнің жемісі осы. Мақсатымның орындалғанының дәлелі де сол. «Ұстаздан шәкірт озар» демей ме?! Егер менің студияма келіп, сабақ алып жатқан отыз баламның біреуі кейін танымал әнші болып, басына қонған бағын бағалай біліп, еліміздің мәдениетін дамытуға тырысып, Қазақстанымызды үлкен әлемдік сахналарда әйгілеп тұрса, мен үшін басты жетістік, басты бақыт осы…
Клара КӨПБАЕВА.