Биыл бүкіл адамзаттың жүрегіне ауыр жара салып, орны толмас қасірет әкелген Чернобыль апатына 37 жыл толып отыр. Осыған орай кеше Қаскелең қаласында сол апатты жарылысқа қатысқан ардагерлер бас қосты.
Жиынға Чернобыль ардагерлер және мүгедектер қоғамының облыстық төрағасы Арман Сейдахметов және басқа аудандағы аталған ұйымның өзге аудандарындағы төрағалары мен мүшелері арнайы келіп қатысты. Алқалы жиында көтерілетін мәселе, айтылатын ұсыныс, жеткізуге тиісті талап-тілектер сараланды. Бірлестіктің жұмысын ширатып, ардагерлердің мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп, әлеуметтік мәселелерін шешіп, түрлі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырылуы айтылып, алға қойылған жоспарлар нақтыланды. Одан кейін сөз алған Іле ауданы Чернобыль қоғамының төрағасы Нұрхайын Мухиддин облыста атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар жайлы айтып өтті.
– Бүгінде Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға қолдау көрсетіліп жатыр десек, те шешуге тиісті мәселелер де жетерлік. Чернобыль ардагерлеріне, мүгедектеріне жылына бір рет «SCAT» компаниясы ұшақпен тегін ұшуға, баратын жеріне пойызбен 50% жеңілдікпен барып, қайтуға жағдай жасалған. Жыл сайын 26 сәуір күні 50 мың теңгеден сыйақы беріліп келеді. Мүгедектік куәлігі бар азаматтарды емдеу-сауықтыру орталықтарына тегін жіберу ісі де қарастырылған. Сонымен қатар, Чернобыль ардагерлерінің жесірлеріне де әлеуметтік көмек көрсету қолға алынған. СӨткен жылдан бері Чернобыль ардагерлері тұрған үйлерге ескерткіш тақта қою жұмысын бастадық. Ал қайтыс болған әріптестеріне өзіміз ұйымдасып, қалтамызға қарай материалдық көмек беріп келеміз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді ардагер өз сөзінде.
Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алған болатын. Бұл — келтірген залалы мен салдары жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген аталмыш алапат апатты залалсыздандыруға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандықтар қатысқан. Бүгінде Қарасай ауданында Чернобыль апатының зардабын тартқан 43 азамат тұрып жатыр.
Иә, ғасыр қасіреті болған бұл апаттың зардабын адамдар әлі күнге дейін шегіп келеді. Чернобыль апатына елімізден аттанған жауынгерлеріміздің ерлігі мен жігері ұрпаққа үлгі болумен қатар, орасан зор. Себебі, олар осы жолда өмірлерін пида етіп, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғап, оның әрі қарай таралуына тосқауыл бола білді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.