28 маусым – Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер күні. Осы қалам иелерінің төл мерекесінің қарсаңында газетімізде өлеңдері жарық көріп тұратын қаскелеңдік жас ақын, болашақ журналист Батыржан Жұмаділов жайында айтып өтуді жөн көрдік.
«Өнерліге – өріс кең» деген қазақтың мәдениетінде ақындық өнер екі топқа бөлінеді. Бірі асықпай, баппен жазатын жазба ақындар болса, екінші суырып салып айтатын айтыскер ақындар екен. Біздің мақаламыздың 17 жасар кейіпкері Батыржан Жұмаділовтың талабы біріншісіне сай болып шықты. Абайдың, Мұқағалидың туындыларын оқуды ұнататын Батыржан бала кезінен, нақтырақ айтқанда, 10 жасынан бері қолына қалам ұстап, өлең жазып келеді екен. Бүгінде жарыққа шыққандары да бар талапкер ақын көбінесе өлеңдерін бастапқы кездері табиғат, адам, заман өзгерістері жайлы жазса, бүгінде көбінесе махаббат тақырыбында жазады.
– Мен өлеңді 4 сыныптан бастап жаза бастадым. Оның қалай болғаны, шынымды айтсам, есімде жоқ. Әйтеуір, сабақта әртүрлі тақырыпта өлең жолдарын құрап келіңдер, деген тапсырмалар беретін, соларды орындаймын деп жүріп, өзімнің қалай өлең жазып кеткенімді байқамай кеттім. Басында менің туындыларым көбінесе табиғаттың әсемдігі туралы болса, өсе келе сезім жайлы жиі жазатын болдым. Бүгінде ойыма бір нәрсе келетін болса, отырып алып оны қағаз бетіне түсіру мен үшін үйреншікті нәрсеге айналып кетті, – дейді талапты жас.
Батыржанның жазуға, ақындыққа деген ынтасын ата-анасы басында байқамаған. Бірақ та, өздері де өнерге жақын адамдар болғандықтан, әкесі Руслан мен анасы Данила ұлдарының өнерге деген құлшынысына оң көздерімен қарап, қолдау көрсетіп келеді. 8 сынып оқып жүрген кішкентай ұлының талпынысын көрген анасы оны аудан орталығы Қаскелең қаласындағы Өнер мектебіне, алғашында әкесі сияқты суретші болсын деп, сурет, онан кейін пианино үйірмесіне береді. Бала кезінен өлең жазып келе жатқан Батыржан пианино сабағына үлкен қызығушылықпен қатысып, кейіннен жазғандарын нота бетіне түсіре бастайды. Содан соң гитара ойнауды да үйреніп, вокал сабақтарына да қатысады. Бүгінде ол ән жазумен де айналысады. Әндерін тек қазақ тілінде ғана емес, сондай-ақ, орыс тілінде де жазады екен. Осы уақытқа дейін туындылары газет-журналдардың бетіне шығып, көптеген сайыстарда жүлделі орындар алып та үлгеріпті. Мәселен, ол таяуда жас ақындар сайысына қатысып, онда қазіргі таңдағы елімізде болып жатқан бірқатар мәселелер туралы жазған өлеңдерінің бірі «Заман мұңын» оқып, 2-орынды иеленді. Сондай-ақ,
Adebi.kz сайты жас талапты-лардың арасында ұйымдастыр-ған жалпыреспубликалық байқауда да өзінің жазу қабілетінің арқасында бірінші орынды жеңіп алды.
«Талапты бала бәрінде де талапты» деген сөз тура Батыржан туралы айтылған секілді. Себебі, ол ақындық өнерін ғана дамытпай, сондай-ақ, білімін де жетілдіріп тұруды ұмытпайды екен. Мектебінде әрқашан озаттардың қатарында жүріп, өзі оқып жүрген білім ордасының атын түрлі деңгейлердегі сайыстарда шығарған. Биыл ол мектепті өзі ойлағандай үздіктер қатарында аяқтап, жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалуда. Батыржан болашақ оқу орны ретінде еліміздегі ең үздік білім ордасы болып саналатын ҚазҰУ-ды, ал, мамандығы ретінде ең ежелгі мамандықтардың бірі болып саналатын қиындығы мен қызығы мол журналистика саласын таңдаған.
– Таңдаған мамандығым – бала кезімнен алдыма қойған мақсатымның, қиялымды кеңге жайған асқақ арманымның нәтижесі. Ол – халықпен бірге тыныстап, елімізде болып жатқан жаңалықтардың жаршысы атану. Бірақ, қарапайым журналист емес, жаһандық аренада танымал қазақ журналисі болу. Еліміздегі журналистика саласының беделінің әлемдік деңгейдегі елдермен теңесуіне өз үлесімді қосу. Бұл ой маған ғайыптан, не болмаса, ата-анамның қалауынан келген жоқ. Қазіргі жүректегі «журналист боламын» деген жалын оты бала кезімнен тұтанып, көңілімнің түкпірінен орын алған болатын. Кішкентай кезімнен-ақ, теледидардан сөйлеп жатқан журналистерге қарап, міне, болашақта мен де осылар сияқты, әсіресе, КТК арнасындағы «Портрет недели» бағдарламасын жүргізетін Артур Платонов сияқты болғым келеді дейтінмін, – дейді Батыржан.
Әңгіме барысында мамандығын тандап, оған алғашқы қадамдарын да жасап үлгерген Батыржан болашақта журналистика саласында үлкен жетісттіктерге жетіп, сондай-ақ, өлең жазуды ұмытпай, көптеген әйгілі туындыларды өмірге алып келіп, еліміздің өнер саласына үлкен үлесін қосқысы келетіндігін жеткізді.
Сұхбаттасу кезінде кейіпкердің қыр-сырына қанығып, жазған өлеңдерін де тыңдап үлгердік. Туындыларына зер салсаң, Батыржанның жан-дүниесі жастығына қарамастан қаншалықты сан қырлы екенін байқауға болады.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, бойына көптеген өнерді жинап үлгерген кейіпкерімізге қанаты талмай, алдыға қойған мақсаттарына жетіп, қаламы ұшталып, болашақта еліміздің танымал журналист-қаламгеріне айналуына тілектестігімізді білдіреміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.