Қарасай ауданында «Оқуға құштар мектеп» жобасын озық үлгіде, оқушылардың ынтасын арттыратындай және ел қызығатындай насихаттап жүрген білім ошақтарының бірі – Мерей ауылындағы А.С.Макаренко атындағы орта мектеп. Жақында аталмыш мекемеде көпке белгілі, талай хит әндердің авторы, сыршыл ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Саринмен кездесу кеші өтті.
Гүлбану Бердібекова басшылық ететін мектеп ұжымы ақынды зор құрметпен күтіп алды. Мектеп фойесінде оқушылар қаламгерді қуана қарсы алып, оның жырларын жарыса жатқа айтты.
Айта кету керек, қонақ болып келген Қалқаман Айымғазыұлы бұл білім шаңырағына жалғыз келмеді. Онымен бірге Бағдат Мүбәрәк, Бауыржан Әлқожа сынды қаламгер достары мен талай ақын-жазушылардың шығармаларын кітап ретінде шығарып жүрген «Lantar Books» баспасының директоры Гүлжайна Жұмағұлова келді. Олар да ақынмен бірге құрметті қонақтардың қатарынан табылып, ерекше ықыласқа бөленді.
Кездесу кешінің басты қонағы ақын Қалқаман Сарин алдымен өзінің туындыларына арнайы салынған сурет көрмесімен танысып, мектеп ішіндегі бірқатар сыныпты аралап, оқушылармен емен-жарқын әңгімелесті.
Ал кездесу кешінің маңызды сәті ардагер-ұстаздар, жоғарғы сынып оқушылары және ата-аналар қауымы ақынды тағатсыздана күтіп отырған мектептің акт залында жалғасты. Мұнда «Уа, Отаным, құдіретіңде жоқ өлшем!» атты ақынның өлеңіне арқау болған тақырыппен әдеби-сазды кеш өтті. Оның барысында алдымен мектеп басшысы Гүлбану Бейсенбайқызы сөз сөйлеп, Қалқаман Саринның шығармалары оқушылар мен мұғалімдер арасында қалай насихатталғанын айтты.
– «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жыл сайын қазақтың танымал ақындарымен танысып, олардың шығармаларын дәріптейміз. Биылғы оқу жылында белгілі қаламгер Қалқаман Саринның туындыларын оқуды жөн санадық. Қалыптасқан үрдіс бойынша оқушылар әр сабақтың 5 минуттық уақытын бөліп, бүгінгі күнге дейін Қалқаман Айымғазыұлының жырларын жаттап келді, – дейді мектеп басшысы.
Сонымен қаламгер Қалқаман Саринге арналған кеште оның отты жырлары оқылып қана қоймай, мағыналы сөзіне жазылған әуезді әндер де шырқалды. Оқушылардан бөлек, ұстаздар қауымы да жыр иесінің туындыларын ерекше тебіреніспен жеткізіп, әдебиет өкіліне деген ыстық ықыласын білдіріп жатты. Өлең оқу барысында «Қазақ атқа мінгенде» деп аталатын ақынның туындысын мәнерлеп, ерекше тебіреніспен оқыған оқушыларды да айрықша атап кеткен жөн. Олар жылқы үстіндегі қазақтың қандай екенін сипаттап, қадірлі меймандардың және көрерменнің қошеметіне ие болды
Бұл кеште қаламгер келген қонақтармен сырласып, сахна төріне шығып, түрлі сауалға жауап берді. Қонақ кәде ретінде «Аузынан айдың түскен қыз» әнін ерекше орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қалқаман Сарин айтулы шараны жоғары бағалап, мұндай ілтипатты жеке өз басына емес, қазақ өлеңіне, жырына, әдебиетіне көрсетіліп жатқан құрмет деп бағалады. Сондай-ақ бұл жыр кешінде өнер иесінің шығармаларын жатқа айтып, мектептің әлеуметтік парақшасы ұйымдастырған байқауқа қатысқан оқушылар марапатталды.
– Менің түсінігімде өскен үйіміз – қарашаңырақтан бөлек, жалпы жер бетінде киелі үш жер бар. Олар – ата-анамыз жетектеп алғаш табалдырығын аттатқан мектеп, оның кітапханасы және өтірік айтылмайтын, дауыс көтеріп сөйлеуге болмайтын қасиетті орын мешіт. Сондықтан осындай киелі жерге келуім бекер емес. Оның үстіне балалардың алдында өзімді қарыздар екенімді сезіндім. Өйткені жыл бойы өлеңімді жаттап өскен балаларға рахметімді айтпасам, көзіммен көріп, қолыммен ұстамасам, маңдайларынан иіскемесем, арқаларынан қақпасам, онда азаматтығыма да, ақындығыма да сын болар еді. Кешті ұйымдастырған ұжымға алғыстан басқа айтарым жоқ. Көңілім көлдей болып отыр, – деп қадірлі қонақ Қалқаман аға шынайы ризашылығын білдірді.
Әдеби кештің тағы бір ерекше тұсы тұсаукесерге де ұласты. Ақынды асыға күткен ата-аналар балаларының тұсауын кестіріп, поэзия адамының жолын берсін деген ниетпен батасын алды.
Кеш соңында құрметті қонақтардың қатарынан табылған Бағдат Мүбәрәк пен Бауыржан Әлқожа өлең мен өмір өлкесінде сыйластығы жарасқан Қалқаман Сарин жайлы ойларын айтып, кездесу кешін өткізуге ұйытқы болған мектеп директорына, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестігіне зор алғыстарын жетізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.