Әлеуметтік бағытта нәзік жандыларды қолдауды мақсат еткен «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қоры Қарасай ауданы бойынша ауқымын кеңейтуде. Өткен аптаның жұмасы күні аталмыш ұйым Жібек жолы ауылдық округінде екінші филиалын ашып, өз жұмысын бастады.
Мәдина Саутбекова басшылық ететін қоғамдық қордың кезекті кеңсесінің ашылуында ауылдың қариялары арнайы келіп ақ батасын берсе, осы ауылдағы «Бірлік» мешітінің бас имамы Батырбек Бисенбаев қызыл лентаны қиып, ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қоры қасиетті жұма күніне жоспарлаған жұмысын жақсылықпен бастап, Жібек жолы ауылындағы әлеуметтік осал топқа жататын бес отбасыны азық-түлікпен қамтыды.
«Біздің қорға тіркелген аналардың көбісі осы ауылдық округке қарасты Тұрар, Көлащы, Жібек жолы ауылдарында тұрады. Олар осы ауылда қоғамдық қордың ашылғанын қалап, үнемі сұрайтын. Өйткені аналарға Қаскелеңге келу қиын. Жолдың ұзақтығы, балалардан шыға алмауы бар дегендей. Бүгін, міне, көптен бері күткен қуанышты күнге де жеттік. Осы филиалдың ашылуына Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Эльмира Алтынбекқызына және округ әкімдігіне үлкен алғысымды білдіремін. Мекеме өз тарапынан компьютер, принтер беріп, осы кеңсенің жалға алу ақысын төлеп берді. Жиһаздарымызды тасуға көмектесті. Сондықтан рахметтен басқа айтарым жоқ», – деп Мәдина Маратқызы қуанышты сәтімен бөлісті.
Алдағы уақытта Жібек жолы ауылында орналасқан аталмыш қордың кеңсесінде психолог, заңгер сияқты мамандардан әлеуметтік осал топқа жататын аналар үшін тегін кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, дәл осы санаттағы ер немесе әйел адамдарға компьютерді еркін меңгеру бойынша арнайы курс оқытылады. Мұнда айына 8 адамның білім алуға мүмкінідігі бар және оларға арнайы сертификат табысталады. Көктем айында тағы бір бөлмені жалға алып, жұмысты одан әрі жандандыру көзделуде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.