Қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттаушы Гаухар Көбенова тамақтың түр-түрін жасайды. Айтуынша, қазіргі кезде ұмыт қалған тағамдарға және таза өнімге деген сұраныс көп. Үйде отырып-ақ аса табыс тауып отырған Гаухар ханымның бұл бизнеспен айналысқанына небәрі бір жыл ғана болған. Осы уақытта мемлекет тарапынан беріліп жатқан 400 АЕК көлемінде берілетін қайтарамсыз грантқа қатысып, қаражатқа қол жеткізген. Қазіргі уақытта өз кәсібін дөңгелетіп, ауылдастарының көз қуанышына айналып отыр. Бала күнінен өзі сүйіп жейтін тәтті тағамдарды бүгінгі таңда халыққа өзі ұсынып, кәсіп көзіне айналдырған. Кәсіпкер сүйген істің еш уақытта шаршатпайтынын, керісінше, одан ләззат алып, іске деген құлшынысты арттыратынын ерекше сезіммен жеткізді.
– Адам өзі қалаған іспен айналысқанда ғана үлкен жетістікке қол жеткізе алады. Мен оған сүйген кәсібіммен шұғылдану кезінде терең көз жеткіздім. Бизнестен бірден пайда табам деп ойлау – қате. Бұл үлкен шығынға ұшыратады. Сүйген істің барлық қиындығына жемісін көргенше шыдау керек. Бірде сүрінсең, бірде қайта тұрасың, кедергілерден де өтесің. Осылайша шыңдалып, ұшталып барып бір ізге түсесің, – дейді кәсіпкер келіншек.
Гаухар – бүгінде бір шаңырақтың келіні, 5 баланың анасы. 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жолши ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз сол аймақтағы Шекарашы орта мектебін тәмамдаған. Одан кейін орталық Азия университетіне түсіп, «заңгер» мамандық иесі атаныпты. Бірақ мамандық бойынша қызмет жасамағанымен, үй шаруасында жүріп жаңа жұмыстың көзін табады. Жоғары білімі бар маманға бұл бизнесті жүргізуге қазір үлкен көмегін тигізіп жатыр. Ол мұны әңгімелесу кезінде айтты. Осылайша бүгінгі уақытта кәсіпкер келіншек шұжық жасау-мен айналысып, өз тұтынушыларының көңілінен шығып отыр. Мұнымен шектеліп қалмауды ойлаған кәсіпкер жақында мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау, «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржы бағдарламасына қатысуға өтініш білдірген. Ол әсіп тағамын жасау бойынша өз жобасын нәтижелі қорғап, 1 225 000 теңгеге қолжеткізді. Аталған қаражатқа ол ет өткізгіш және тағы да қол еңбегін жеңілдетуге арналған жабдықтарды сатып алған. Гаухардың кәсібіне күйеуі Едіге Тұщыбеков та үлкен қолдау білдіруде. Қазіргі уақытта үйден тапсырыс қабылдайтын кәсіпкер келіншектің дайын өнімдерін тұтынушыларға жолдасы үйіне дейін жеткізіп береді.
Қазіргі уақытта аталған жеке кәсіпкер шұжықтардан өзге, қазы және әсіп сынды тағамдарды дайындайды. Аптасына 200 килограмм тапсырыс дайындайтын Гаухар, айына 700-800 кг. дейін шұжық шығарады. Сонымен қатар, кейіпкеріміз өз жиған тәжірибесін бөлісетін шебер сабақтар өткізіп, шәкірттер оқытуда. Алған білімдері арқылы тәлімгерлері еліміздің түкпір-түкпірінен шұжық дайындау цехтарын ашуда.
– Кез келген дүниені бастау үшін белгілі бір себеп болады екен. Бірде дүкеннен сатып алған колбасаның ішінен шыққан нәрсені көріп, оның таза еместігіне күмән туды. Осылайша отбасымызбен үзілді-кесілді шұжық тұтынудан бас тарттық. Бірақ қазір барлығы дамыған уақыт қой. Ғаламтор желесінде отырып, шұжық, ет, сүт өнімдерін табиғи жолмен жасайтын әдісті көзім шалып қалды. Десе де мұны кәсіп көзіне айналдырам деген ой мүлде болмады. Бірақ үй жағдайында өзім дайындап, тұтынып жүрдік. Одан дәм татқан туыстар, жақындар, достар оң бағасын беріп: «Керемет дүние жасапсың. Неге осыны кәсіпке айналдырмайсың? Қолдан келетін жұмысты жақсы кәсіп етуге болады ғой» – деген пікірлерін білдірді. Осылайша қызығушылығым артып, талап қылдым, – дейді Гаухар Серікқызы.
Иә, бүгінде тың кәсіптің көзін тауып, соны дамыту жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген Гаухар өз тұтынушыларының да қарасы көбейіп келе жатқанын айтты. Жылқы мен сиыр етінен жасалатын шұжықтың құрамы да табиғи тазалығымен ерекшеленеді. Тұз бен бұрыштың қоспасынан әзірленетін өнімнің сұранысқа енуінің өзі сол табиғи тазалығынан екені сөзсіз.
Алдағы уақытта өз өнімінің нарықтық ауқымын кеңейтуді ойлаған кәсіпкер шұжықтардың барынша тез арада қолданылғанын қамтамасыз етуді қалайды.Тағы айта кететін жағдай, Гаухар Көбенова бұл бағыттағы жұмыстармен тоқтап қалуды көздемейді. Алдағы уақытта орталықтан ет, сүт, қойдың құйрығынан жасалатын, және жартылай дайын тұшпара, мәнті және өзге де өнімдерді әзірлейтін арнайы цех ашуды көздейді. Иә, қазірде кәсіпкердің өзі айтқандай мемлекет тарапынан қолдау өте жоғары. Мұны өз қажеттеріне асырған азаматтар кәсіптерін дөңгелетуде. Жоғарыда аталған кейіпкеріміз оның тағы да бір айқын дәлелі деп айтуымызға толықтай негіз бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.