Ел Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияның мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін мән-маңызы айрықша. Біз осы негізгі заңмен еңбек етіп, өмір сүреміз, өзара қарым-қатынасымызды реттейміз. Ата заң – Қазақстанның әлемдік өркениетке батыл қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Конституция тәуелсіз Қазақстанның даму жолын айқындап берді, мемлекетіміздің берік негізін қалады.
Осы аптаның сейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясының күні салтанатты түрде аталып өтті. Алдымен сахнаға ҚР Туы салтанатты түрде әкелініп, Гимнді ауданның өнерпаздары жанды дауыста шырқады. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров сөйлеп, осынау ұлық мерекенің мән-маңызына жан-жақты тоқталды. Келесі кезекте аудан әкімі Жасұлан Естеновтың атынан ауданның өркендеуі жолында атқарып жүрген белсенді қызметі үшін бірқатар аудан азаматтары Алғыс хаттармен марапатталды. Конституция күні мерекесіне арналған салтанатты шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Сүйікті Отан, егемен ел, туған жер тақырыбын арқау еткен әншілер патриоттық әндер шырқаса, ұлттық аспап домбыраның шанағынан төгіле күй шертіліп, мың бұралған қыздардың орындауында әдемі би биленді. Шараның соңы «Қалбибі» өнер студиясының орындауындағы рухты әнмен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.