Білім берудің бірінші сатысы болып саналатын балабақшаның баланың қоршаған ортаға бейімі, еңбекке араласуы, білім алу, адамдармен қарым-қатынасы, ойлау, қиялдау қабілеттері сөздік қорларының дамуында алар орны ерекше. Сондықтан олар балалардың қабілетін барынша жан-жақты дамыту үшін мектептер сияқты жылда оқыту жүйелерін өзгертіп, ақпаратты жеткіудің жаңа әрі қызықты әдіс-тәсілдерді енгізіп отырады. Сондай балабақшалардың бірі – ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Ай-Сенім2А» бөбекжайы.
Өткен аптаның бейсенбісі күні аталмыш балабақша өз аумағында «Заттық дамытушы ортаны ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбында семинар-практикум өткізіп, өзге балабақшалардан келген жетекшілермен, тәрбиешілермен бала тәрбиесі бойынша тәжірибе алмасты. Аталмыш шараға аудандық балабақшалардың қызметкерлерінен бөлек, аудандық әдістемелік орталықтың өкілдері де қатысты.
Семинардың негізгі бөлігі басталмай тұрып, ауданы-мыздың бөбекжайларынан келген қонақтар ұлттық нақыштарды насихаттайтын көрмені тамашалады. Онда қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптейтін аталмыш балабақшаның тәрбиешілері мен бүлдіршін-дері мақта, қағаз, мата, ағаш сияқты материалдардан жасаған түрлі заттар мен ойыншықтар қойылды. Сондай-ақ көрмеде көптеген ойындарды қазақи нақышта көрсету мақсатында асықтан жасалған шахмат, нарды секілді ойын тақталары да көрсетілді.
Мұнан кейін балалардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Түрлі түсті әдемі киім киген кішкентай бүлдіршіндер барынша өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың ыстық ықыласына бөленді.
Шараның негізгі бөлімінің шымылдығын аталмыш балабақшаның құрылтайшысы Күлжамила Абдигалиева ашып, осы шараға қатысқан балабақша директорлары мен тәрбиешілеріне алғысын білдіріп, семинардың негізгі мақсатын түсіндіріп өтті. Мұнан кейін сөз кезегі аудандық білім бөлімі әдістемелік орталықтың әдіскері Жанат Бегалиевке берілді. Білім бөлімінің өкілі семинар-практикумды ұйымдастырғандарға ризашылығын айтып, саналы әрі білімді ұрпақтың тәрбиесінде бөбекжайлардың орны ерекше екенін тілге тиек етіп, осы салада қызмет ететін адамдардың еңбегі зор екенін атап өтті.
Екі кезеңге бөлінген семинар-практикумның негізгі бөлімінде алдымен «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Г.Джирембаева «Бауырсақ» ертегісі жайлы қойылым көрсетіп, балалардың өздері білетін ертегілеріндегі кейіпкерлерін атау арқылы тілдерін жетілдіре отырып, тапсырмаларды орындауға қызығушылығын қалай оятуға болатынын көрсетті.
Ал, балабақшаның әдіскері Мақпал Узбекбаева балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, Отанға деген сүйіспеншілікке, мәдени-әлеуметтік нормаларға баулу, балабақша психологы А.Балабекова «Алақан ай алақан», логопед А.Нургазина «Логопедиялық ырғақ» атты тақырыптар бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп, балаларға жаңа ақпаратты үйретудің өзіндік әдістерін көрсетті.
Қызықты әрі ұтымды шыққан семинар соңында өзге бөбекжайлардан келген тәрбиешілер өзара пікір алмасып, Күлжамила Абдрахманқызы басқарған балабақша ұжымына алғыстарын білдірді. Ал ауданымыздың әдістемелік орталығының өкілі балабақша басшылығы мен тәрбиешілеріне аталмыш шара үшін ризашылығын білдіріп, аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.