Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласы. Осы бағытта жұмысты жетілдіру, жаңғырту, дамыту бүгінгі таңда басты назарда тұр.
Биылғы жылға болжам жасайтын болсақ, ауыл шаруашылығы еліміз үшін табысты болмақ. Оған себеп – Президенттің пәрмені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 триллион теңге қаражат бөлуді тапсырды. Бұл туралы ел Президенті 2022 жылдың соңғы айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Президенттің тапсырмасы – орындалуы тиіс бұйрық. Қатаң қадағаланатын салаға министрлік селқос қарамай реформалауды бастап кетті. Тиісті шаралар әзірленіп, ауыл шаруашылықты субсидиялау тәртібі белгіленді. Сәйкесінше әр өңірде ауқымды жобалар жолға қойылып, жүзеге асыру жұмыстары басталды. Дәл осы саланың дамуы «Қарасай жерінде қалай қолға алынбақ?» деген көкейдегі сұрақтың жауабын біз де іздеуге тырыстық. Анық ақпаратын Қарасай аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев айтты. Бөлім басшысымен аудандағы аграрлық саланың өткенін саралап, алдағы ахуалы қалай боларын сөз еттік.
Өткен жылы Қарасай ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 88 млрд.477,4 млн. теңгені құраған. Бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 102,2% дегенді білдіреді. Ал осы пайыздық дәлдік облыс бойынша жалпы өнімдегі үлесіміздің 12% екенін нақтылайды.
Биыл өткен жылдан асып түсіп, жемісті болу – басты талап. Белгілі меженің бар болатыны да анық. Жоғарыда аталған бөлімнің биылғы болжамына сүйенсек, жоспар бойынша 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі шамамен 90 млрд теңгені құрауы керек. Десе де, осы мақсатқа жету үшін маңызды саланы дамыту жолында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Нәтижеге жетуге әдеттегідей мемлекет өз жағынан қолдау білдіреді. Қарасай аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Ақылжанұлының сөзіне сүйенсек, 2023 жылға жеңілдетілген 202 тг/литр бағамен мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көмек көрсетілу көзделді. Яғни, көктемгі дала жұмыстарына 800 тонна дизель отыны бөлінген.
Инвестициялық жобаларға тоқталар болсақ, биыл аудан бойынша 5,5 млрд. теңгеге инвестиция салуға жоспар берілді. Ағымдағы жылы Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Агро Модерн» өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу жоспарлануда. Жобаның құны – 3 млрд. 200 млн. теңге. Қуаттылығы жылына 2500 тонна көкөніс өнімдерін шығару. 50 адам жұмыспен қамтылмақ.
Сонымен қатар, осы жылы «BekSarAgro» ЖШС-і асыл тұқымды 57 аналық басын 19 млн. 500 теңгеге СПК «Қонаев» арқылы несиеге алуға өтінімі беріліп, оң шешімін алған.
2023 жылы жұмысын бастайтын өнеркәсіптің бірі – «Шахэкофуд» жылыжайы. Оның жалпы көлемі 6 га аумақты қамтиды. Қазіргі таңда кешеннің климат-бақылау жүйесі, көкөніс қоймасын жасау сияқты тек ішкі жұмыстары ғана қалған. Іске қосылу мерзімі осы жылдың сәуір немесе мамыр айына деп жоспарлануда. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 4,5 млрд. теңге. Қуаттылығы бойынша жылыжай жылына 2500 тонна көкөніс өнімдерін өндірмек. 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Ауыл шаруашылық саласында жеңілдікті несие беру бағдарламаларының бірі – «Кең дала». Бұл жоба көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетуге арналған. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүргізіледі. Берілетін несие 5%-дық сыйақы мөлшерлемесімен келесі жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Аталған бағдарлама арқылы биыл ауданнан 3 шаруашылықтың атынан 37 млн-ға өтінім берілді. Атап айтқанда, «Агропарк Оңтүстік» ЖШС – 10 млн. тг, «Байбекова» ЖК – 15 млн. тг, «Бейбарыс» шаруа қожалығы – 12 млн. тг. Көлемінде несиеге өтінім жолдады. Бүгінгі таңда 5 пайызбен қайтарылатын қаржыға деген сұраныс қарастырылуда.
Қарасай жерінде ауылшаруашылығын ілгерілету жоғарыда атап өткендей ауқымды жобалар арқылы жүзеге асырылуда. Бастысы – оң нәтиже көрсету. Президент айтқандай, ауыл шаруашылық саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.