Қараша халық пен биліктің ортасында алтын көпір іспеттес қызмет атқаратын ақсақалдар кеңесінің еңбегін ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Олар – жұрттың мұңын мұңдап, жақсы істің ілгерілеуіне тілекші жандар. Қоғамдық мәселенің шешілуіне ықпал етіп, ұрпақтың ұлағатты болуына жол сілтейді.
Ауыл ішіндегі осындай игі істерге себепші болып жүретіндердің қатарында Шамалған ауылдық округінің ақсақалдар кеңесі де бар. Оның төрағалық қызметін 2019 жылдан бері Амангелді Молбаев атқарып келеді. Қоғамдық ұйымның бүгінгі таңда Мырзабек Шымшықов, Гүлахмет Шарипов, Қасқыр Исаев, Илхам Сайфулин, Ерғали Тұрлығожаев сияқты қариялардан құралған кеңес мүшелері бар.
Округтік ақсақалдар кеңесі ауыл ішінде қоғамдық жұмысқа қашанда белсене араласып, көптің көңілінде жүрген мәселені ақылдасып шешуге тырысады. Округ әкімі Ержас Тоқтасынов бастаған әкімдік ұжымымен үнемі тығыз жұмыс атқарудан жалыққан емес. Сондай атап өтерлік істердің біріне тоқталуға да болады. Мәселен, округ ақсақалдарының септігімен Шамалған ауылындағы Жібек жолы мен Алдашев көшелерінің қиылысында бағдаршам орнатылды. Өйткені оны қоймаса автокөліктердің кептелісі жиі қайталана беретін еді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарасай мешітінің алаңында 30 метрлі ту тұғыры бой көтерді. Одан бөлек Шамалғандағы А.Байтұрсынов көшесіндегі мектеп-гимназияның алдында спортпен шұғылдануға арналған «work out» алаңы ашылды. Міне, осындай іс-шараларға ауыл ақсақалдары бір кісідей атсалысты.
Ауылда бес мектеп пен екі колледж болса, солардың бәріне Ауған соғысы ардагерлері жайлы арнайы бұрыштар орнатылды. Онда батырлардың ерлігі мен қайсарлығы жайлы ақпараттар мен суреттер ілінген. Болашақ ұрпақтың патриоттық сезімін арттыру мақсатында іске асырылған бұл жұмыстар округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Жебегенұлы мен Ауған соғысының ардагері Илхам Сайфулиннің бастамаларымен іске асты. Тағы бір айта кетерлігі, Амангелді атамыз өзінің қаражаты есебінен мектеп директорларына, әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне мерекеге орай арнайы ақсақалдар кеңесінің атынан алғыс хат табыстап, құрмет көрсететіні бар. Мұндай мақтауға тұрарлық, үлгі боларлық істі айтпасқа тағы болмас.
Биылғы 1 наурыз – Алғыс айту күнінде ауылдың түлегі, композитор, дирижер, «Ахысқа» түрік-мәдени орталығының мүшесі Сабыр Гүсейновтің шығармашылық кеші өтті. Ауылдық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған концертке ауыл ақсақалдары да арнайы барып, жас домбырашыға ақ баталарын арнады.
Жақында ауылдық әжелер алқасының төрайымы Батиха Нұртаеваның ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдерінің арасында «Бата беру» сайысы өткен болатын. Айтулы шарада ауылдың 85 жастағы түрік ақсақалы Кушали Ибрагимов арнайы марапатқа ие болды. Баталы сөзден жаңылмайтын атамыздың осындай жетістігі келер ұрпаққа үлгі екені анық.
Қадірлі қариясына қарап халық бой түзейтінін ұмытпағанымыз дұрыс. Ата-әжелеріміздің осылай ауыл тіршілігіне араласуы, қоғамдық істе белсенділік танытуы сияқты еңбектері округ әкімінің назарынан тыс қалған емес. Мәселен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірқатар ардақты әжелеріміз Алғыс хатпен марапатталды. Тыл еңбеккерлеріне азық-түліктер таратылды. Одан бөлек мерекенің аясында ауылдың «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне ҚР Президентінің атынан арнайы медаль берілді.
Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қазыналы қарияларымыздың қатысуымен өте жоғары деңгейде атап өтілді. Ұлттық спорттан жарыс ұйымдастырылып, мерекенің басты тағамы – Наурыз көже пісірілді. Ақ дастархан жайылып, ауыл ақсақалдары бата беріп, мейрамның ажарын кіргізді. Жалпы ақсақалдарымыз дәл осы сияқты мәдени, рухани, спорттық іс-шараларда төбе көрсетіп, аталық ақылын айтып, жастардың тәрбиесіне көңіл бөлуден шаршаған емес.
«Ақсақалдарына қарап ел өседі» дегендей, біз білетін Шамалған округінің ардақты аталары осындай игілікті іс атқарып келеді. Жол көрсететін қазыналы қариясын сыйлай білген ұрпақ жаман болмас. Сондықтан қоғамда қарттардың қадірі қашанда биік екенін ұмытпаған абзал.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.