Жақында Талғар ауданы Еңбекші ауылындағы №39 мектепте «Діни сауаттылық адасушылықтан сақтайды», «Зорлық зомбылықсыз өмір» сынды тақырыптардың түйінін тарқату үшін жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті. Бұл жиынға облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерғанат Сутенгенов, облыстық дін істері басқармасының оңалту бөлімінің маманы Ануархан Садықбаева, Талғар ауданының бас имамы Нұржан Керімбеков, Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева және осы бөлімнің маманы Жұмақыз Бұтабаева, полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Арай Қасымбекова қатысты.
Өзекті тақырыпты талдауға арналған іс-шараны аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырғанын айта кету керек.
Татулық пен тұрақтылық – еліміздегі ішкі саясаттың басты бөлігі болып қана қоймай, өркендеудің алғы шарты. Отандық Заңнаманың нормаларын орындау үшін Талғар аудандық әкімдігінде ақпаратты-насихаттық шараларды жүзеге асыру міндетіне басты назарға алынған. Халық арасында пайдалы, нақты, ресми мәліметтерді түсіндіру үшін 170 адамнан тұратын 15 ақпараттық-насихат тобы құрылды. Олар қарапайым халық пен жасөспірімдер арасында жат ағымның жетегінде кетуден сақтану, зорлық зомбылықсыз салауатты өмір салтын орнату тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Құрамына қоғамдық ұйым өкілдері, дін танушылар, құқық қорғау органдары және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерін қамтыған аталған топтың мүшелері Еңбекші жастарымен кездесіп, білгендерімен бөлісті. Яғни, жаңылып жат ағымның жетегінде кеткен жастарды мысал ете отырып, қайта айналып келмейтін жастық шақта өздерін мол біліммен қаруландыруға шақырды. Кездесуде алғаш сөз алған Ануархан Садықбаева дінді желеу етіп өзінің арам пиғылын іске асырғысы келетін жат ағым өкілдері ең алдымен жастарды басты нысана ететінін жеткізді.
«Бала – ата-ананың көзінің нұры, жүрегінің жауһары. Алайда сол бауыр еті балаларынан көз жазып, ботадай боздап қалған қаншама ананы көрдік. Жат ниеттілер жастарымызды жолынан тайдырып, өз идеясының үгітшісіне айналдырып алудың тың тәсілдерін табуда. Өмірден өз орнын әлі тауып үлгермеген, өмірлік ұстанымы, дүниетанымы әлі қалыптаса қоймаған жастар олардың басты нысанасы. Біз қанша сақтық шараларын жасасақ та олар күннен-күнге айлаларын асыруда. Жастарымызды көптеп тартып, олардың қолымен өз мақсаттарын іске асырғысы келеді. Алайда сол адасқан іні-қарындастарымызды дұрыс жолға түсіруге болады. Қазір де жат ағымның жетегінде кеткен жастармен оңалту жұмыстары жүргізіледі. Мұндай жұмыстың көп көмегі бар екені дәлелденіп отыр. Дәстүрлі емес діни ағымға кіріп кету, ең алдымен сол адасушының өзін қоғамнан алшақтатып, өздерін вакумның ішіне тығып қойғандай болады. Олар біртіндеп өздерін жоғалтып, ой-санасы уланады. Тіпті, өздерінің мүмкіндіктерін шектеп тастағанын білмей қалады. Шетел асып, жат елде өздеріне белгісіз әлемде қолдарына қару алып, оқ пен оттың ортасында жүр. Қаншама жасөспірім ойланбай от басты? Ал қоғам, ата-ана үшін өсіріп отырған ұрпағынан айрылу қасіретпен тең», – деп А.Садықбаева ойын ортаға салды.
Сонымен қатар, жиын барысында сөз алған Н.Керімбеков жастар үшін басты міндет уақыт оздырмай құлшынып білім алу екенін айтты. Сонымен қатар, балиғат жасына толған жасөспірімнің намаз оқып, ораза ұстауына еш қарсылық жоқ екенін, алайда ұстаған оразасы, оқыған намазы сабағынан қалып, оқу үлгерімі нашарлауына себеп болмауы керек екенін де түсіндірді. Әр адам құлшылықты өзі үшін жасайтынын айтып, адамның білім жолындағы құлшынған әр минутына үлкен сауап жазылатынын жеткізді.
Шара еркін сұхбат форматында өткендіктен оқушылар да өз ойындағы сұрақтарын қойып, тұшымды жауап ала білді. «Тарауыққа баруға бол ма?» деп сұраған Ынтымақ Әбдібақытұлына жауап берген Арай Қасымбекова тарауық намазынан қайтқан жастардың көшеде сенделіп жүретінін айтып, мұның заңға мүлда қайшы екенін тілге тиек етті.
Жиын соңында отбасылық құндылықтың маңызы мен мәні, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әдебі туралы да сөз болды. Өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын алған оқушылар болашақта елі үшін еңбек етер азамат болатындарын жеткізді.
Санжар АМАНГЕЛДІ.