Қарасай ауданына әкім болып тағайындалған Жандарбек Далабаев өткен аптада аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиядағы соңғы қоңырау салтанатына қатысты.
Бұл әрдайым елдің айрықша назарын аудартатын атақты білім ұясы. Себебі, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы мектептен түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қаққан.
Осы жолғы мереке елеңдетер ерекше үш оқиғамен орайлас келіп отыр екен. Атап айтсақ, биыл Астана қаласына 20 жыл, гимназияға 80 жыл, ал, мемлекет басшысы мен оның сыныптастарының мектеп бітіргендеріне 60 жыл.
Алдымен Елбасы жас шағында сүйіп айтатын «Весна на заречной улице» әнінің «құшағына бөленіп» ортаға шыққан ақ шашты аталар мен ақ жаулықты әжелерді – 1958 жылғы түлектерді жиналғандар үлкен құрметпен қарсы алды.
Қазір сол кездері мектеп бітірген 42 түлектің 29-ы аман-есен екен.
Мұнан кейін биылғы түлектер де, әсем әуен ырғағымен жарқырай көрініп, әдемі киімдерімен, бал-бұл жанған жүздерімен көпшіліктің көзін қуантты. Дөңгеленіп әдемі вальс биледі.
Келесі кезекте аудан әкімі Жандарбек Далабаев сөйлеп, 60 жыл бұрын бітірген үлкен кісілерге ақтарыла ақ тілегін айтты, биылғы түлектерге ақ ниетімен ақ жол болсын, деді. Елбасы оқыған білім ұясының тек алғы шептен көрінуіне шынайы ниеттес екенін білдірді.
– Құрметті Елбасының сыныптастары, қымбатты мұғалімдер мен оқушылар, қадірлі ата-аналар, бүгінгі мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! – деді атап айтқанда Жандарбек Ермекұлы. – Абай гимназиясының ұжымы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде әрдайым жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Алда да осы биіктен төмендемеңіздер. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оқыған мектеп туын әрқашан жоғары көтеріп жүріңіздер! 60 жыл бұрын бітірген аталар мен әжелердің әлі де өмір-жасының ұзақ болуына, биылғы түлектердің жолының ақ болуына, бастарына бақ қонуына шын жүректен тілектеспін!
Сонымен қатар, гимназия директоры Тұрсын Сайбырова өзі басқаратын білім мекемесінің осы оқу жылындағы жетістіктері, оқушыларының әртүрлі байқаулардағы жеңістері жайлы жан-жақты баяндады.
Жиында, сондай-ақ, Алматы облыстық Жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Ерлан Жақыпов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев, бітіруші түлектер атынан мектеп президенті, республикалық оқулардың лауреаты Мәди Әбдіхамитов сөйлеп, игі де ізгі тілектерін жеткізді.
Үстіміздегі жылы Абай гимназиясын жақсы аяқтағалы отырған, «Алтын белгіден» үміткер Несібелі Қайрлаеваның 10 сыныптың үздік оқушысы Аружан Сағиеваға символдық білім кілтін тапсыруы да жарасып тұрды.
Жиналғандардың жанын елжіреткен, түлектердің жүрегін шымырлатқан соңғы қоңырауды 11-сынып оқушысы Руслан Молдағазиев пен 1-сынып оқушысы Жанерке Көпжасар соқты.
Сонымен гимназиядағы бұл салтанат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, есте қаларлықтай болды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.