Мамандықтың ішіндегі ең қадірлісі – дәрігер. Дәл осы жауапты қызметтің иесі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ең алдымен шыдамдылықты, жауапкершілікті, мамандығына деген адалдықты қажет ететін ең абыройлы жұмыс. «Он екі мүшең сау болса, сәулет емей немене, он саусағың сау болса, дәулет емей немене!» дейді дана қазақ.Иә, ол рас. Мына жарық дүние есігін ашқан адам баласының ең басты, ең әуелгі байлығы – денсаулық. Ал, осы орайда «ақ желеңді абзал жандар» деп аялай айтатын сөзімізге алдымен арқау болатын, әрине, дәрігерлер. Қасиет дарып, құт-береке орныққан Қарасай ауданындағы емделушілеріне үнемі осындай оң қабағымен қарап, оңды ісімен танылып жүрген дәрігердің бірі – Денсаулық сақтау саласының үздігі, Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Ақайша Сарина. Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күніне орай Қарасай ауданының ардақты ақ желеңді абзал жан жайлы жазуды жөн санадық.
Ақайша Абдықадырқызы Ақтөбе облысының тумасы болғанымен, Алып Алатау баурайындағы Қаскелең қаласында оқып, аудан орталығындағы М.Горький (қазіргі Қ. Сәтпаев мектебі) атындағы орта мектебінде білім алды. Бойына мейірімділік, жауапкершілік, адалдық және тұрақтылық сияқты қасиеттерді жия білген кейіпкеріміз алып жүрегіне бар әлемді сыйғыза білгендей. Әсіресе, ата-анасы жайлы естеліктерді ерекше тебіреніспен айтып берді. Әкесі – бірқатар жауапты басшылық жұмыстарды атқарған ардақты адам. Кеңес өкіметі кезінде басшылар да, басқалар да, барлығымыздың ортақ игілігіміз үшін ғой деп, тынымсыз, аянбай, белсене, белшеше жұмыс істеуші еді ғой. Мінекей, Абдықадыр ақсақал осындай жандардың қатарынан еді. Әкесі Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтын тәмамдаған соң, Жамбыл ауданының Беріктас ауылында совхоз директоры болса, анасы осы елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияны басқарды. Одан кейін, осы отбасының отағасын Қаскелең қаласындағы «Ленин» совхозын басқаруға жіберген. Дәл осы елді мекенде кейіпкеріміз мектеп табалдырығын аттап, білім алады. Ақайша апайымыз кіп-кішкентай кезінен әр нәрсеге талаптанып, білсем, үйренсем, ұқсам деп ұдайы алға ұмтылатын. Арманымен алысқа қол созған ол ақыры өскенде «дәрігер» мамандығын алуға берік бел буған. Бұған анасы Сабиляның медицина қызметкері болуының да ықпалы көп болып еді.
Алдына осындай үлкен өмірлік мақсат, биік меже қоя білген кейіпкеріміз мектептен соң Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, 1987 жылы оның «жалпы тәжірибелік дәрігері» мамандығы бойынша жақсы бітіріп шықты. Оқуда жүргенде адал қызмет істесем, сонда жүріп денсаулық сақшысы болсам деген ақ тілегін алаңсыз жүзеге асырып, Қарасай аудандық орталық ауруханасына орналасты. Адал, іскер, өз ісін тиянақты, барынша тындырымды атқаратын жас маман жалықпай аға әріптестерінің тәжірибиесінен үйренді, шаршамай шеберліктерінен үлгі алды, сонымен қатар, медицина саласындағы сан түрлі жаңалыққа жаны құмар болды. Осындай қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін қызмет барысын еске алған Ақайша апай естіліктерімен бөлісті.
– Мен өте жауапкершілігі мол студент болдым. Шатаспасам, тәжірибеден өтіп жүрген кезім-ау деймін. Жас кезімде ауызекі тілді түсінгеніммен, орысшаға сәл шорқақтау едім. Содан бір күні бізге адамнан қан алу керек деген тапсырма берді. Тәжірибе алып жүрген дәрігер қаталдау кісі еді. «Я вам помогать не буду. Кровь из носа, но выполните это задание» деді. Содан мен дәрігерге барып: «Я все поняла, но как взять кровь из носа, не знаю» – дедім. Сөйтсем, бізге сабақ беріп жатқан дәрігер күліп мағынасын түсіндірді. Осылай мінекей қызық кезеңдер өтті ғой, – деп ол өз өмір жолымен бөлісті.
Әр жылдары ол Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында, Қарасай ауданы Ұлан ауылында, Қаскелең қаласында учаскелік дәрігер, Жамбыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі болды. Осындай орнықты күш-жігерінің, мақсаткерлігінің арқасында көп ұзамай дәрігер қыз көзге түсті, жақсы да сапалы жұмысымен жарқырай танылды. Емделушілер тарапынан рахмет айтушылар көбейді. Бүгінде Ақайша Абдықадырқызы – Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары. Бұл дәрежеге ол тынымсыз жұмысымен, ортақ игілікке қосқан үлесімен, елеулі еңбегімен, шынайы дәрігерлік қызметімен жетті. Гиппократ антына адал, денсаулықтың күзетінде тұрып, адам жанының арашашысы атанған, жасыл құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан екі баланың аяулы анасы. Жастайынынан ұлдары халықаралық олимпиадаларға белсене қатысып, жоғарғы оқу орнына грантқа түсіп, енді Алматы қаласында табысты еңбек етіп, қымбатты аналарына қамқор болып келеді. Үлкені Жомарт телекоммуникация компаниясында жетекші маман, ал Мәди Қонав қаласындағы Полиция депапартаментінде кадр бөлімінде істейді.
– Аллаға шүкір менің еңбек жолымда қиын кезеңдер болды деп айта алмаймын. Оған мамандығыма деген адалдығым, шынайы беріліп жұмыс істегенімнің арқасы шығар. Мен өзіме тапсырылған міндетті тиянақты, барлық күш-жігерімді салып орындауға тырысамын. Оның жемісінде көріп жатырмын, елеулі еңбегім ақталып ақ ниетті жандарды тілектері қабыл болып жатыр. Үлкен ұлыма келін түсіргенмін, биыл, міне, екінші баламды үйлендіруге дайындалып жатырмыз. Бұйыртса, екі жылдан кейін құрметті демалысыма шығамын. Зейнеткерлікке шығып, немерелерімді бағып, өз білгенімді жас әріптестеріме үйретудіде жалғастыра берсем деген ниетім бар. Бос уақытымда кітап оқығанды, бау-бақшамды қарағанды жақсы көремін, – дейді кейіпкеріміз.
Ақайша Абдықадырқызы көптеген жетістіктерге жеткен. Ол – «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Үздік дәрігер» төсбелгілерінің иегері, 2019 жылы «Үздік дәрігер» деген марапатқа ие болып, 500 000 теңгелік қаржылай сыйлықтың иегері болған. 2002 және 2012 жылдары ол басқарған «Жамбыл» ауылдық дәрігерлік амбулатория үздік атанған және тағы да басқа марапаттары бар. Сондай-ақ, әрқашан жарқырап-жайнап жүретін жарқын жүзді дәрігер туралы жақсы сөз көп.
Сөз соңында кейіпкеріміз өзі қызмет атқаратын медицина саласына қатысты жиі айтылатын сын-ескертпелердің кейде орынсыз екенін, әсіресе соны ушықтырып жүрген блогерлердің әрекетін өзіне мүлдем ұнамайтынын жеткізді. Әріптестерінің барынша күш салып еңбек етіп келе жатқанын, көп жағдайда емделушілерді тіркейтін базаның істемей қалатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, әсіресе ауылдық жердегі медицина мекемелерінде компьютерлермен толықтай қамтылса, жылдам ғаламтор желісімен жабдықталса деген өз ұсынысында білдіріп өтті.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын ақ желеңді абзал жанның өз саласындағы барлығынан хабардар екенін ұқтық.Қазыналы жерде тұратын қарасайлықтар өздерінде осындай тамаша медицина қызметкерінің жұмыс істейтінін әрдайым мақтан етеді. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, Ақайша Абдықадырқызы!
Бұрым ОРЫНБАСАР.