Дүниеде ақырын жүріп, анық басатын адамдар болады. Олар жұмыста да, отбасында да барлығын айқай-шусыз, сабырмен, салмақтылықпен шешіп, бәрін де мінсіз атқаруға күш салады. Мұндай кісілердің ісі әрдайым алға басары, үй ішінде де үнемі беделі артары анық. Біз осы санатқа Сәкеңді де алдымен қосар едік.
Иә, Қаскелең қаласының тұрғыны Садық Дәулетов көп қасиетімен көптің құрметіне бөленген жан. Жалпы еңбек өтілі 43 жыл, ал мемлекеттік қызметте 28 жыл істеген азаматтың ғұмыр жолындағы үлгі-өнегесі де аз емес.
Сәкең 1991 жылдан бастап Қарасай ауданының салық жүйесінде зейнеткерлікке шыққанша үздіксіз еңбек етіп, аталған саланың нағыз ардагері атанды. Бүгінде осындай қалтқысыз қызметінің жемісін жеп отырған жайы бар.
Садық Әбуұлы «Салық қызметінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан «Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, ҚР Мемлекеттік Салық комитетінің, Алматы облысының, Қарасай ауданы әкімінің, Салық комитетінің бірнеше Алғыс хатымен, мақтау қағаздарымен марапатталған.
Ал өткен жылы ғана «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленіп, мерейі өсті!
Сәкең – аудандық газеттің белсенді авторларының бірі. Өз жұмыс саласы ғана емес, басқа да мәнді мәселелер жайында қалам тербеп, басылым бетінен жиі көрініп жүреді.
– «Naqty» газетінің тұрақты оқырманымын, – дейді ол. – Редакция қызметкерлерін 90 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!
Жазуға икемі бар Сәкең, өткен жылғы 70 жастық мерейтойы қарсаңында «Қызкеткеннен Жетісуға дейін» атты өмірі мен еңбек жолы туралы кітап шығарып, өзіндік бір ерлік жасады!
«Жетісу жері қандай кең, табиғаты қандай тамаша болса, маған басшылық жасаған азаматтардың да көңілі дархан, кеудемнен итермей, бауырларына басты», … «Қасиетті Қарасай азаматтарына алғыс айтамын!» деп жазыпты Садық Әбуұлы осы кітабында.
Бар болыңыз, жасай беріңіз, қадірлі Сәке!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.