Жақында Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері арасынды «Brains of battle» атты зияткерлік ойыны өтті. Топпен жарыс түрінде өрбіген сайыста командалар білім мен біліктілік, пайым мен парасат, тапқырлық пен шапшаңдық қабілеттері бойынша сынға түсті. Жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған бес кезеңдік жарыста түрлі тапсырмалар алған мектеп мұғалімдері тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ұстаздар қауымынан құралған 16 топтың ойын қарқынына қарап асқан жауапкершілік пен керемет дайындықтың үлгісін көруге болады.
Шараның шымылдығы өнерпаз оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасымен түрілді. Жарысқа келген қобалжып, уайымдап келген ұстаздар бір сәт ой сергітіп, өнерпаздармен қоса бірге ән шырқасты. Одан кейін сахнаға осы зияткерлік ойынның демеушісі, «Alpar education» білім орталығының директоры, облыстық жас мамандар ассоциациясының президенті, Кемертоған орта мектебінің мұғалімі Райымбек Алпаров көтеріліп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ауданымызда биыл осымен екінші рет өткізіліп отырған бұл жарыстың, әсіресе, жас мамандар үшін маңыздылығы зор деп санаймын. Сайыстың ерекшелігі ағылшын тілі пәні мұғалімдердің арасында өткізіліп отырғандықтан, мүлдем қазақ, орыс тілдерін қосуға болмайды. Егер шатасып сөз қосатын болса, жарыстан шеттеледі. Менің ойымша шарада әріптестерімнің ішінен сапалы білім беретін ең мықтылары анықталатына сенімім мол. Ұстаздарға мотивация болсын деп бас жүлде алған топқа 50 мың теңгелік қаржылай сыйақы тағайындап отырмыз. Алдағы уақытта аудандық деңгейде өткен топ, облысқа жолдама алады, – деді өз сөзінде Райымбек Қайратұлы.
Ал қатысушылардың біліктілігі мен білімін Р.Аблаева, А.Нұрмагамбетова, А.Смагұл сынды ағылшын тілі пәнінің мықты мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Зияткерлік сайыстың алғашқы кезеңінде ұстаздарға тест түрінде әр саладан, әр тақырыптар сұрақтар қойылды. Мектеп ұжымының абыройын қорғай келген ұстаздар бірнеше кезең барысында өз тәжірибелерін пайдалана отырып, қазылар алқасы мен әріптестерінің алдында күрделі сұрақтарға тез жауап таба білуге тырысып жатты. «Shazam» деп аталатын екінші кезеңде қатысушалар ағылшын тіліндегі әндер мен фильмдерді әуені мен диологтарына табу тапсырылып, барлық топтар белсенділік танытты. Келесі кезеңде аталған пән ұстаздары грамматикалық сұрақтарға жазбаша жауаптарын берді. Қатысушылар «spaghetti» бөлімінде кеспеден ең биік мұнара жасауға жарысса, «Dance wis me» кезеңінде билеген топ капитандарынан, басқа мүшелері қалай қолдау білдіретіні, олардың ауызбіршілігі бағаланды.
Шапшаңдықты, білімділікті, шебер логиканы талап етіп, бап пен бақ қатар шабатын бұл ең соңғы айналымда сәл қателік бірінің бағын тайдырса, ұтқыр жауап бірінің дәрежесін асырып жатты. Өкінішке орай, финалда ұстаздардың логикалық ойлау қабілеттері жақсы болғанымен, басқа пәндерді толық игермегендері де көрініп қалды. Сондықтан қазылар алқасы олардың барлық талаптар бойынша бағалап, қорытынды шығарды.
Сонымен сайыс нәтижесі бойынша А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің ұжымынан құралған «Megamind» бас бәйгені қанжығаларына байласа, Б.Қосынов атындағы орта мектебінің «Discover» команласы бірінші, алғашқы айналымда ешкімге тұсау салдырмаған М. Бейсебаев атындағы орта мектебінің «Unbeatable» тобы екінші орынды қанағат тұтты. Ал бастапқыда жоғары ұпай жинап, әрі көтеріңкі көңіл-күймен көрермендерді баурап, соңғы финалда да қалыс қалмаған О.Жандосов атындағы орта мектебінің «Inhalation» және С. Керімбеков атындағы орта мектебінің «Dreamers» командалары үшінші орынға тұрақтады.
Осындай байқаулар ұстаздар арасында ауызбіршілікті нығайтып, сабақ беру ісінде өз үлгісін қалыптастыруға жол ашады. Біз де өз кезегімізде бірлігі мығым, өнер білімді ұштастыра білген ұстаздары бар мектеп шәкірттерінің болашағы зор, келешегі кемел болсын деген тілек білдіреміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.