Шарықтаған АҚШ-тың валютасы бірнеше күннен бері сатылмай, күні кеше айырбастау пункттерінде пайда бола бастады. Соңғы валюта бағамына сәйкес сатып алу 1 доллар 508 теңгені, сату 1 доллар 514 теңгені құрайды. Бұл жағдай ел арасында дүрбелең тудыруға алып келді. Теңге бағамына әсер ететін факторлар жайлы Қаскелең қаласында айырбастау пункттері орналасқан «TAS EXCHANGE» компаниясының басқарушы директоры Әділет Ағыбаевпен сөйлескен едік.
«Доллар мен еуро тапшылығын наурыз айының бірінші, екінші жұлдызында сезіне бастадық. Теңгенің құнсыздануына басқа мемлекеттердің де ұлттық валютасы сияқты сыртқы жағдайлар әсер етеді. Олар мұнай, газ немесе көрші елдің саяси ахуалдары бізге өзінің әсерін тигізіп жатқанын байқап жатқан шығарсыздар. Теңгенің құнсыздануы бір факторға байланыстыру өте қиын. Сондықтан оның себебін біз нақтылы айта алмаймыз», – дейді сарапшы.
Ұлттық банк шетел валютасын теңгеге сатып алу және сату арасындағы ауытқудың жаңа шектерін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін АҚШ доллары үшін – 6 теңгеден 15 теңгеге, еуро үшін – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін арттыру ұсынған болатын. Әділет Ағыбаев бұл жағдай айырбастау пунктеріне үлкен септігін тигізетінін айтты. Себебі осыған дейін күнделікті әлемдік биржаларда доллардың алынып-сатылуы арасында айырмашылық ауытқып отырады. Мысалы, бір күнде 20-30 теңгеге дейін курсттық ауытқу болуы мүмкін. Сол себептен бұрынғы доллар үшін 6 теңге, еуро үшін 7 теңге ауытқу шектерімен айырбастау пункттерінде жұмыс істеуге өте қолайсыз. Мәселен, доллар таңертең 430 теңгеге сатып алынса, түстен кейін ол 420 теңгеге түсіп кетуі мүмкін. Мұндай кезде айырбастау пунктері 10 теңгелік шығынмен сатуға мәжбүр. Сондықтан айырбастау пунктінің басшысы жаңа ауытқу шектерімен жұмыс істей әлдеқайда жеңіл болатындығын айтуда. Бірақ бұл жаңа өзгерістер бойынша іске қосылатыны жайында әлі нұсқау келмегендігін тілге тиек етті.
Осы ретте «доллар бағамы өсуі мүмкін бе» деген сауал туындайды. Мәселен, елдегі инфляция деңгейі өсті делік. Экономикалық теорияға сәйкес отандық тауарлар импортпен салыстырғанда қымбаттайды және оған сұраныс артып, тиісінше экспорттың төмендеуіне, импорттың өсуіне жол ашады. Теориялық тұрғыдан алғанда бұл сценарий валютаны әлсіретеді. Алайда инфляция өссе де, жағдай өзгермеуі де мүмкін. Бұл ақшаның құнсыздануы Қазақстанда ғана емес, шетелде де өзгеруіне тікелей байланысты болғандықтан отандық та, импорттық та тауарлар қымбаттайды. Десе де жылдың соңына дейін теңге бағамында жағымды жаңалықтар болмайтын секілді. Өзгеріс орын алған күннің өзінде бұған сыртқы факторлар әсер етпек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.