Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясына Алматы қаласындағы «Ақсай нан» нан-тоқаш комбинатының Қарасай мен Жамбыл аудандары бойынша дестрибьютері «Ахан» жеке кәсіпкерлігінің өкілдері де үн қосып, нан-тоқаш салынған себеттерін таратты.
Бүгінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты халық бірқатар қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. Осындай шақта көптеген азаматтар қайырымдылыққа атсалысып, қиын-қыстау сәтте қиналған жандарға қол ұшын созуда. «Ақсай нан» нан-тоқаш комбинатының Қарасай мен Жамбыл аудандары бойынша дестрибьютері «Ахан» жеке кәсіпкерлігі де осындай игі істен шет қалмай, алда келе жатқан қасиетті Рамазан айының қарсаныңда мұқтаж адамдарға көмек көрсетті.
Нақтырақ айтқанда, осы аптаның сәрсенбісі күні аталмыш мекеме өкілдері, «Nur Otan» партиясы мүшелері мен волонтерлердің атсалысуымен, нан-тоқаш себеттерін таратты. Шара барысында олар көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, себеттерін ұсынды, келе жатқан қасиетті Рамазан айын жақсы өткізуді тіледі.
– Бүгінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, сондай-ақ, алда келе жатқан қасиетті Рамазан айының қарсаңында өз тарапымыздан мұқтаж адамдарға аз да болса көмек беруді жөн көрдік. Ең бастысы, халқымыз ауру-сырқаудан тезірек аман-есен шықса екен! – дейді «Ахан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ахан Матибаев.
Сондай-ақ, топ мүшелері халықтың амандығы үшін блок-бекеттерде жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге де барып, нан себеттерін табыстап, өздерінің алғыстарын жеткізді.
Жалпы, шара барысында нан-тоқаш себеттері 40 отбасыға таратылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.