Қоғамда аса жауапты саланың жүгін арқалаған, денсаулықтың сақшысына айналған медицина мамандарының рөлі қашанда зор. Маусым айының үшінші жексенбісі – олардың кәсіби мерекесі. Ақ желеңділердің құрметіне орай осы аптада аудандық Мәдениет үйінде «Кәсібіңе мен сенің бас ием!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров мереке иелерін құттықтап, жыл көлемінде атқарылған іргелі істерге тоқталып, ақ желеңді жандарға ыстық ықыласын білдірді.
– Бұл мереке – адам жанын жүрекпен сезінетін, денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн. Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі бір-бірімен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Дәрігер – адам жанының арашашысы, жер бетіндегі сан-алуан кәсіптің ішіндегі ең қастерлі мамандықтың иесі, ал оның иесі болу үлкен мәртебе! – деді аудан басшысының орынбасары Рустам Әмірғалиұлы.
Айтулы мерекелік басқосуда елеулі еңбегімен озық шыққан қарасайлық медицина мамандары түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Алтын дәрігер» медалі, «Денсаулық сактау саласының үздігі» төсбелгісі және Денсаулық сақтау министрі А.Ғинияттың, Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиевтің, Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқарма басшысының м.а. Л.Актаеваның, Қарасай ауданының әкімі Ж.Естеновтің Құрмет грамоталары табыс етілді.
Салтанатты шара әрі қарай аудан өнерпаздары паш еткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Батыржан ЖҰМАДІЛОВ.