Ана тілі – әр ұлттың қастерлі құндылығы, баға жетпес байлығы, жан дүниесі мен ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры. Еліміз егемендігін алғалы мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған ана тіліміз қазақ тілінің қолданыс аясы күн санап кеңейе түскендігін уақыт пен өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі болып аталып өтті. Бұл барлық ұлт өкілдеріне көрсетілетін құрмет деп білеміз. Осы орайда мемлекеттік тілді жоғары құрметтеу оны жан құштарлығымен үйренуден басталады. Елімізде мемлекеттік тілді құрметтеп, жетік меңгерген ұлт өкілдерінің саны жылдан жылға артуда. Олардың арасында бір-бірімен көңілі жарасқан интернационалдық отбасылар да аз емес. Солардың қатарына ауданымыздағы Гусевтер отбасын да жатқызуға болады. Отағасы – орыс, жары – ұйғыр. Екеуінің шаңырақ көтергеніне биыл, міне, бес жыл толып отыр.
Отбасының бас-иесі Қазақ халқының бар рухани дүниесін бойына сіңіріп өскен, ұлты орыс болса да қазақ тілінде кейбір қазақтан да жақсы сөйлейтін Антон Гусев ауданымыздың тумасы, 1994 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Осындағы Абай атындағы мектеп-гимназияны бітіргеннен кейін Шамалған ауылындағы «Алматы су шаруашылық» колледжін «бухгалтер-экономист» мамандығымен тәмәмдайды. Біраз уақыт «Шабыт» жарнама орталығында баспа станогымен жұмыс істеп, кейіннен «Алматыгазсервис Холдинг» АҚ-на темір ұстасы (слесарь) ретінде жұмысқа орналасқан. Бүгінгі таңда сол жерде еңбек етуде. Ал, зайыбы 24 жасар Аида Аюпова Панфилов ауданының тумасы. Ол екеуі Аида Алматы қаласына оқуға келгенде танысқан.
– Аида екеуіміз жол бойында кездестік. Көшеде кетіп бара жатқан бір сүйкімді бойжеткенді байқап қалдым да танысқым келді. Қасына барып бірден таныстым деп айта алмаймын, бірақ, біраз уақыт сөйлескеннен кейін тіл табысып кеттік. Ал, бір жылдан кейін мен оған үйленейік деген ұсыныс жасадым. Сөйтіп, 2014 жылы екеуміз отау құрдық, – дейді Антон Гусев.
Достықтың арты үлкен махаббатқа ұласқаннан ба, әйтеуір, жас жұбайлар достықты да қатты бағалайды екен. Өмірге деген көзқарастары да бір жерден шығады. Екі тілде сөйлейтін интернационалдық отбасы қазақ тілін де құрметтейміз, дейді.
– Қазақтың тілін, дәстүрін сыйлаймыз. Мемлекеттік тілде еркін сөйлей аламыз. Күнде таксиде, дүкенде, үйде немесе қызымызбен сөйлескенде қазақша сөйлеуге тырысамыз. Кейбір қазақ достарыма қарағанда, мемлекеттік тілде жақсы сөйлеп, түсінем, – дейді тағы Антон.
Сондай-ақ, ол қазақ халқының арасында өскендігінің арқасында ұлттық салт-дәстүрлерді, оның құндылықтарын одан әрі жаңғырта түскенін мақтанышпен айтып, ағайын-тума, көрші-көлеммен тату екенін жеткізді.
Иә, орыс пен ұйғыр ұлты өкілдерінен құралған отбасының бүгінгі күні түтіні түзу ұшып, бақытты ғұмыр кешуде. Қазіргі таңда Антон мен Аида Жасмин атты қызды тәрбиелеп, өсіріп отыр. Жасы небәрі төртте болса да Жасмин өте ақылды, қазақ тілі мен орыс тілін жетік меңгерген. Сондай-ақ, әкесі Антонның айтуынша, қыздары теледидардан мултьфильмдерді ағылшын және қытай тілдерінде де көреді екен. Отау көтергендеріне аз уақыт болса да Гусевтердің де өздерінің бір ерекше отбасылық дәстүрлері бар көрінеді.
– Отбасымызбен тек саламатты өмір салтын ұстанғандықтан әр күнді денсаулыққа пайдалы жаттығу жасаумен бастаймыз. Бұл бізде қалыптасқан заң сияқты, – дейді Антон.
Мұнан бөлек, Гусевтер жай күндерін ғана емес, сондай-ақ, демалыс уақыттарын да белсенді өткізіп, қаланың күнделікті айқай-шуынан біраз уақыт алшақтау үшін, таза ауамен демалуға тауға барып тұрады. Туыстарына барып, хал жағдайды сұрасып тұрғанды да жақсы көреді екен. Сонымен қатар, жұмыс күндері біраз қолдары босап қалса, қыздары Жасминге тақпақ жаттауға көмектеседі. Бұл олардың ең жақсы көретін сәттерінің бірі десек болады.
Отбасы қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсінік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Ендеше, отау құрып енді ғана еліміздің бір ұясына айналып келе жатқан Антон мен Аиданың шаңырағынан шаттық кетпесін, дейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.