Бүгінгі таңда жұмыссыз жастарды еңбекпен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте сәрсенбі күні аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының аумағында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оның барысында 100-ге жуық жас түлек жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрып, олардың 40-қа жуығы жұмысқа шақыру жолдамасын алды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңке жастарға бүгінде қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септесті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы мен «НАХ», «Smart Services Group», «Хамле» ЖШС-тері сияқты 10 жұмыс беруші компанияның өкілдері қатысқан шара барысында келушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шағын несие және грант алу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту туралы мағлұматтар берілді. Сонымен қатар, жәрмеңкеде жұмыспен қамту орталығының бас маманы жиналғандарға Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жайлы кеңінен ақпарат берді.
– Жәрмеңкенің жас мамандар үшін пайдасы мол. Біріншіден, олар мамандығы бойынша бос жұмыс орындарына жолдама алса, екіншіден, жұмыссыздардың қатары азаяды, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова.
Жоғарыда айтып өткендей, аудандық Жастар ресурстық орталығы және аудандық жұмыспен қамту орталығы бірлесіп ұйымдастырған жәрмеңкеге жалпы 100-ге жуық студент пен қала тұрғыны қатысып, 40-қа жуық жас қарасайлық жұмысқа шақыру жолдамасын алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.