Наурыз айының 20-сы күні «Халық» қоры азаматтық белсенділік танытып, «Ел тірегі – ЕЛБАСЫ» атты ірі науқанын қолға алған еді. Қайырымдылық акциясы аясында ауданымыздағы 290 отбасыға көмек ретінде азық-түлік себеттері таратылды.
Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік қасиеттерінің бірі. Бұл үрдіс қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Әрқашанда осындай іс-шараларды ұйымдастырудың басы-қасында жүріп, жылдан-жылға ауқымды акциялар өткізіп жүретін «Халық» қайырымдылық қоры бұл жолы да тағы бір игі істі қолға алды. Нақтырақ айтқанда, COVID-19 пандемиясы салдарынан жарияланған карантин кезінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету мақсатында «Ел тірегі – ЕЛБАСЫ» атауымен кең ауқымды қайырымдылық акциясын бастады.
Еліміз үшін елеулі мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен әз Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып, республикамыздың барлық өңірлерін қамтыған бұл ізгі шарадан қарасайлықтар да тыс қалмады. Өткен аптаның жұмасында ауданымызға аталмыш акция аясында 870 азық- түлік себеттері жеткізілді. Келген себеттер 3-4 күннің ішінде толықтай ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 290 аз қамтылған қарасайлық отбасына әкімдік қызметкерлері және еріктілердің көмегімен таратылды. Әр отбасыға азық-түлік салынған үш қораптан берілді.
Салмағы 50 келіден асатын себеттерге күріш, қарақұмық, ұн, макарон, өсімдік майы, бұқтырылған ет, қант, шай және кәмпит сияқты ең қажетті деген заттар кіреді. Қор басшылығының айтуынша, бүгінде еліміздегі әл-ауқат үшін барлығы бірдей жауапты болғандықтан олар аталмыш акцияны осы жылдың өзінде бірнеше рет өткізуді жоспарлап отыр екен.
Жалпы «Халық» қайырым-дылық қорының бастамасымен жүзеге асып жатқан акция аясында көптеген меценаттардын қолдауымен 15 000-нан астам азық-түлік себеттері жасалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.