Мектеп қабырғасында он бірінші жыл білім алып жатқан түлектер үшін маңызды айлар басталды. Енді олар бір айға жетер-жетпес уақыттан соң, үлкен өмірге қадам басады. Түлектер өмірін жаңа белесінде жоғары білім алып, білікті маман болуды көздейді. Осы биікке шығу үшін бірнеше сынақтан сүрінбей өту қажет. Соның бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Ал осы ҰБТ биыл қалай өтуде? Бұл жайында біз ҰТО Қаскелең қаласы филиалының жетекшісі Назгүл Еркімбаевадан сұрауды жөн санадық. Аудандағы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру орталығының жауапты басшысының айтуынша, биыл бірқатар өзгерістер енгізілген.
– Ә. Бұхарбайқызы атындағы орта мектебінде орналасқан тестілеу орталығында ҰБТ тестін қай аудандар тапсырады? Олардың арасында жоғары көрсеткіш көрсеткендер бар ма?
– 2021 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы ұлттық бірыңғай тест тапсыруға көшті. Дәл осы жылы 15 наурызда ҰБТ-ның онлайн форматта тапсыратын дербес компьютерлермен жабдықталған Шамалған ауылындағы Әлжан Бұхарбайқызы атындағы мектебінде орналасқан жаңа тестілеу базасы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бұл орталықта ұлттық бірыңғай тестілеуін Қарасай, Жамбыл және кез келген ҚР аудандар тапсыра алады. Бірақ, бізге тапсырған түлектердің баллдарын көре алмаймыз. Бұған білім бөлімдері жауапты, әр аудан өзінің көрсеткіштерін жасайды.
– Ағымдағы жылы тестілеудің қанша кезеңі өтті? Қанша түлек өз бағын сынады? Қандай кедергілер болды?
– Қазіргі уақытта талапкерлер жауап парағын бояймын деп уақытын жоғалтпайды. Электронды форматтағы ҰБТ уақытты үнемдеумен қатар, ұяшықтарды қате бояу, не боялған сияны компьютермен оқымай қалу секілді олқылықтардың орнын толтырады.
Цифрландыру процесіне көшу білім саласын жетілдіре түседі. Бұндай формат ұлттық бірыңғай тестілеуді максималды түрде адал өткізуге негіз болды. Талапкер білімін тарызыға салған бұл сынақ заман талабына қарай осыл тұсын оңалтып, кемін келтіріп, қателігін қайталамауда. Талапкерлердің жылдағыдай тест тапсыру күні мен орнын таңдау мүмкіндіктері бар.
Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған биылғы түлектер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Оның екеуінің қорытындысын талапкерлер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына екі сертификаттың үздігін ұсынуға болады. Ағымдағы жылы тестілеудің қаңтар және наурызда айларында екі кезеңі өтті. Нақтырақ айтар болсақ, қаңтар айында жалпы ҰБТ-ға тілек білдірген 2912 түлектің тоғызы келмеді. Бұл кезеңде ереже бұзған оқушы болған жоқ. Ал, наурыз айында тестілеуге 2980 түлек қатысса, олардың 52-сі келмеді. Оның ішінде ҰБТ барысында екі оқушы ереже бұзған.
– Тестілеуден қосымша көмектерді қолданып, сынақтан шеттетілген балалар келесі кезеңдегі ҰБТ-ға қатыса алады ма?
– Егер талапкердің ҰБТ-ның қаңтар немесе наурыз кезеңдегі натижелері жойылса, негізгі ҰБТ қатыса алады. Егер талапкердің негізгі ҰБТ кезінде (мамыр-шілде айларында) нәтижелері жойылса,олардың сертификаттары жарамсыз болып, тегін оқу құқығынан айырылады. Егер талапкердің негізгі ҰБТ нәтижелері жойылса, бірақ оның басқа қаңтар және наурыз сертификаттары болса, онда ол оларды университетте оқуын жалғастыру үшін пайдалана алады. Бірақ қазірдің өзінде ақылы негізде. Талапкерде қаңтар немесе наурыздағы ҰБТ сертификаты жоқ делік. Сонда кейбір университеттер оны бірінші курс студенті ретінде шартты түрде қабылдауы мүмкін. Бірақ келесі жылы ол ҰБТ-ны қайта тапсыруы керек. Егер студент қажетті балл жинаса, онда ол екінші курсқа қабылданады және бір жыл жоғалтпайды.
– Жалпы биылғы жылда ҰБТ-да қандай жаңашылдықтар енгізілгеніне тоқталып өтсеңіз.
– Жалпы тестілеу форматына ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Пәндер саны да өзгеріссіз қалады. Алайда «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: бір дұрыс жауапты таңдаумен 10 тапсырма және контекст негізінде 10 тапсырма. Сондай-ақ бұрын талапкерлер «Оқу сауаттылығы» бойынша 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.
Осылайша, «Қазақстан тарихы» бойынша – 20, «Оқу сауаттылығы» бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15 және екі бейінді пән бойынша 35 тапсырма беріледі. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.
– Биылғы оқу жылынан бастап ҰБТ-ға бейіндік пәндер қосылды ма?
– 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.
– Жалпы, қазір жас түлектер нені білгені маңызды?
– Жас түлектер ҰБТ-ға өтініш беру мерзімін, тестің өту уақытын, тестілеу ережелерін, форматын білуі керек. Ол үшін біздің ресми сайттағы және әлеуметтік желілердегі соңғы жаңалықтарды бақылап жүргені абзал.
Айта кетейік, өзінің колледжде бітірген мамандығын жалғастырғысы келетін бітірушілер (қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін колледж бітірушілері) жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша ҰБТ тапсырады. Тестілеудің жалпы уақыты — 2 сағат (120 минут); Тест тапсырмалар саны – 60; Жалпы балл саны: 70; Шектік деңгейі: ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша – кемінде 25 балл және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 35 балл. Оның ішінде әр пәннен 5 балдан кем болмауға тиіс. Тағы бір ескерте кететін жайт, өзінің колледжде бітірген мамандығын жоғары оқу орнында ақылы бөлімде жалғастырғысы келетін бітірушілер университеттің қабылдау комиссиясында әңгімелесу (собеседование) арқылы оқуға қабылданады. Бұл жағдайда ҰБТ нәтижесі талап етілмейді
Ал егер колледж бітірушілері өзінің бітірген мамандығын ЖОО-да жалғастырмай, басқа білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскісі келсе, онда толық оқыту нысаны бойынша оқуға қабылданады. Ол үшін түсуші 5 пән бойынша ҰБТ тапсырады. ҰБТ форматында сәйкес түлектер 5 пән яғни, 3 міндетті және 2 бейіндік пәндерден тапсырады. Тест тапсырмалар саны – 120, жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут), қорытынды балл саны 140.
Қабылданған шешімнің арқасында талапкерлер өз білімдерін жан-жақты көрсете алады деп үміттенеміз. Ал ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн тестілеу қолжетімді болып қала береді, сондай-ақ жақын арада тегін онлайн сабақтар да басталады. Биыл шекті балдар өзгеріссіз қалады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы қатаң сақталады. Компьютерлік экрандарда тестілеудің өзінде калькулятор, периодтық кесте және тұздардың ерігіштігі қолжетімді болады.
Сұхбаттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.