Аптаның сәрсенбісі күні Қарасай ауданындағы мансап орталығы кезекті бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Аудандық прокуратураның ұсынысымен ұйымдастырылған шара аудандық пробацияның есебінде тұрып, екі қолына бір іс таппай жүрген азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталды.
Аудандық Мәдениет үйінің фойесінде өтетін бұл ізгі шараға осы жолы жергілікті елді мекендердегі 30-дан астам ірі және орта кәсіпорын, құрылыс, кәсіпкерлік нысандарының өкілдері қатысып, 200-ге жуық қызмет түрлерін ұсынды. Жұмыс беруші мекемелердің қатарында «Маолин», «ID Senim R», «LakeFarm», «Lion», «Rakhym», «Таусамалы қызмет», «Зияткер», «Жанибек» сынды жеке кәсіпкерліктер мен кәсіпорындар болды.
Шара барысында жұмыс іздеп келген 100-ден астам пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар қызмет ұсынушы мекемелердің өкілдеріне түрлі сұрақтарын қойып, олар ұсынған вакансиялар жайлы толықтай ақпарат алып қана қоймай, сондай-ақ оның өкілдерімен бетпе-бет сөйлесіп, жұмыс барысымен танысты.
Бұған қоса мансап орталығынан келген мамандардан сұранысқа ие мамандықтар бойынша үш айлық қысқа мерзімді қайта даярлау курстары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындар секілді бағдарламалар бойынша мағлұматтар берілді.
Ал жұмыс беруші мекеме орталықтарының өкілдері азаматтардың мамандықтары немесе бұрынғы жұмыс тәжірибелері жайлы біле келе, лайықты жұмыс орындарын айтып, мекенжай, байланыс нөмірлерін берді.
– Халыққа жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және аудандағы жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында біздің орталық жылда бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып отырады. Мәселен, биылғы жыл басталғалы осындай төрт шара өткізіп үлгердік. Оның арқасында көптеген тұрғындарымыз, оның ішінде 34 есепте тұрған азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Алдағы уақытта осы қалпымыздан таймай, ауданымыздағы жұмыссыздық мәселен шешу бағытында белсенді жұмыстар жүргізетін боламыз, – деді аудандық мансап орталығының басшысы Д.Сансызбаев.
Жалпы 200-ден астам бос жұмыс орын ұсынылған шарада пробация қызметінің есебінде тұрғандар белсенділік танытып, қажетті ақпараттарын алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

