Екі қолына бір іс таппай жүргендерді еңбек күшін іздегендермен жүздестіретін бос орындар жәрмеңкесі өткен аптада кезекті рет ұйымдастырылып, біраз жанның жүрегіне үміт отын ұялатып, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті. Аудандық Мәдениет үйінің фойесінде өткен бұл шараға осы жолы жергілікті елді мекендердегі 24 ірі және орта кәсіпорын, құрылыс, кәсіпкерлік нысандарының өкілдері қатысып, жүзге жуық ваканция ұсынды. Жәрмеңкеде жүк тасушы, инженер, механик, көлік жүргізушісі, аспаз, тігінші сияқты кәсіп қолынан келетіндерге деген сұраныс басым екендігі байқалды.
Жұмыс беруші мекемелердің қатарында ауданымызда орналасқан «Kagazy Recycling», «Алсад Казахстан», «Компания Маолин», «КазЭкоФуд», «Жаде», «Торг Строй», «ID Senim R» ЖШС-лері мен «Казпошта», «АзияАгроФуд», «Отбасы банк» АҚ-лері және басқа да кәсіпорындар бар.
Жұмыс іздеушілер өз тарапынан қызмет ұсынушы мекемелердің өкілдеріне түрлі сұрақтарын қойып, әрқайсысына жеке жолығып, қажетті ақпараттарын алды. Сондай-ақ жұмыссыздардың қатарында аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар да болды. Олар да маңызды сауалдарына жауап алып, қандай шартпен жұмысқа орналасуға болатынын түсінді. Ал жұмыс беруші мекеме орталықтарының өкілдері азаматтардың мамандықтары немесе бұрынғы жұмыс тәжірибелері жайлы біле келе, лайықты жұмыс орындарын айтып, мекенжайларын, телефон нөмірлерін берді.
Жәрмеңке барысында 200-ге жуық бос жұмыс орын ұсынылып, 180-ге жуық жұмыссыз азамат қатысты. Оның ішінде, 20 борышкер мен 10 мүгедектігі бар азамат, 50 жас, 20 пробация есебінде тұрғандар бар. Шараның нәтижесіне сәйкес аудандық жұмыспен қамту бөлімінің берген мәліметіне сәйкес 50 азамат жұмысқа тұруға жолдама алған.
Бұрым ОРЫНБАСАР.