Халық қалаулыларын сайлау үшін өз таңдауын жасаған жас қарасайлықтың бірі – Аминат Черных. Өткен жылдың соңғы айында 18 жасқа толған Аминат бүгін ел тағдыры үшін дауыс беріп, өмірінде алғаш рет саяси жауапты кезеңге белсенділік танытты, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Аминат Черных – Қаскелең қаласының тумасы. Бүгінде С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінде 1 курста оқиды. Жас қарасайлық бүгін ел қатарлы сайлауға белсенділік танытып, өз таңдауын жасады.
– Қазіргі кезде «менің дауысым ештеңе шешпейді» – деген сөздердің жетегінде жүретін кез емес. Мемлекеттің болашағы үшін бұл жауапты қадам деп есептеймін. Сондықтан Қазақтан Республикасының азаматы ретінде бүгін сайлауға барып өз дауысымды бердім, – дейді Қарасай ауданының ең жас сайлаушысы.