Қазақтың ұлттық дәстүрінде адамгершілікке баулитын, тіршілік иесіне зиян келтірмеу мен қоршаған ортаға жанашырлық сезімін тудыратын ғұрыптар жеткілікті. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтап тұрғандай. Осыны негізге алған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар, Білім және ғылым министрліктерінің бастамасымен өткен аптада еліміздің барлық аймақтарында «Экологиялық сағат» акциясы өткен болатын.
Аудан-ауыл тұрғындарын қоршаған орта мен табиғат аясына немқұрайлы қарамай оны аялауға, ауыл-елді мекенді таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы таза әрі жасыл аймаққа айналдыруға шақыру мақсатында өткен ауқымды шараға біздің ауданымыздың тұрғындары да белсене атсалысты.
Қазан айының 12-і күні акция аясында ауданымзға қарасты Шамалған округінде орналасқан «Үшқоңыр» спорт кешенінде округ әкімі Ержас Тоқтасынов бастаған бір топ азамат 100-ден астам ағаш отырғызды. Аталмыш шара ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерде де өткізілді. Аудан әкімдігі қолдауымен өткізілген шарада мекеме, дербес бөлімдер мен кәсіпорындар, сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен бірге акцияға жеке тұрғындар да атсалысып, терек, қарағай, ақ қайын, шырша сияқты 1000-нан аса саялы ағаш көшеттері егілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.