Қазіргі заманда жаһандық, маңызды, керекті тілдердің бірі – ағылшын. Көптеген алпауыт елдердің ортақ ой алмасуына айналған бұл тілдің қажеттілігі заман талабына сай артып келеді. Осы сұранысқа байланысты еліміз бойынша ағылшын тілін оқытатын білім ордасының саны да аз емес. Озық оқушыларын дайындайтын мұндай мектептердің қатарында Алматы облысына танымал, талай оқушылардың зейінін ашып, жетістікке жетелейтін «CES for You» орталығы бар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласында аталмыш білім беру ошағының тағы бір жаңа ғимараты ашылды.
Айгүл Тәңірбергенова басшылық ететін орталықтың жұмысы 2013 жылы басталған. Осы уақытқа дейін 14 филиалы бар білім мектебі енді, міне, тағы бір әсем де зәулім ғимаратымен толықты. Заманауи талапта жабдықталған қос қабатты нысан «CES for You» орталығының ең негізгі мекемесі болып табылады.
Ұжымның тарихи күндерінің бірі болып саналатын бұл қуанышты сәтке Айгүл Қанатқызына қашанда қолдау білдіріп жүретін, жанашыр, жомарт жандар арнайы шақырылды. Атап айтқанда, «Isker Company» ЖШС-нің басшысы Василий Тен мен «Заман жаршысы» газеті» ЖШС-нің директор-бас редакторы Атлана Исаева сынды Қарасай ауданының мәслихат депутаттары, сонымен қатар, танымал айтыскер Балғынбек Имашев, қол күрестен Қазақстанның, Азияның чемпионы, қара күштің иесі Темір Спатаев және басқа да өнер жүлдыздары құрметті қонақтардың қатарынан табылды.
Салтанатты кешке шақырылған аталған меймандар өздерінің жылы лебіздерін, ақжарма тілектерін білдіріп, өнерлі жандар өздерінің ән-шашуларын арнады. Одан кейін азулы ақын Балғынбек Имашев ағалық ақ батасын берсе, аудандық мәслихат депутаты Васили Тен мен «CES for You» ағылшын тілін оқыту орталығының құрылтайшыларының бірі Руслан Ниязбаев жаңа мекеменің қызыл лентасын қиды.
Осылайша 9 жыл бойы білім әлемінде тер төгіп, ағылшын тіліне деген ынтаны оятып жүрген «CES for You» ерекше ғимаратымен жаңа белестерге тағы бір қадам басты. Алдағы уақытта бұл орталық аудан бойынша 1000-нан аса баланы қабылдап, шет тілін үйретуді жоспарлауда. Оларға қазақстандық университеттерді бітірген, ағылшыншаны жетік меңгерген тәлімгерлер мен практика жүзінде оқушылардың тез дағдылануы үшін шетелдік ұстаздар да білім беретін болады.
Мекеменің басшысы Айгүл Тәңірберге-нованың айтуынша, осы уақытқа дейін бұл орталықтан 3000 бала білім алып, ағылшын тілін жетік меңгерген. 2016 жылдан бері Қазақстан бизнес рейтингісі бойынша білім беру саласында «Көшбасшы» аталып келеді. Жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 100 баланың тегін оқуына грант бөледі. Сонымен қатар, аталмыш орталық ұйымдыстырған олимпиада жеңімпазына компания есебінен Ұлыбритания, Малайзия елдеріне үш апталық оқу курсына тегін жолдама беріледі. Ендігі арманы – дарынды оқушылардың қатарын арттырып, білімдік бәсекедеге оза шабатын, ғылымның тілінде еркін сөйлеп, елдің абыройын арттыратын шәкірт тәрбиелеу.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.