Мынау зымыраған заманда кітапхана оқырманға кітап ұстатып, кітап қабылдап қана отыратын орын емес. Бағыты да, мақсаты да өзгерген. 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кітапханашылардың жалақыларын көтеруді тапсырып, кітапхана қызметкерлеріне тың серпін берген. Қазіргі уақытта бұл салада не өзгерді, не істелді деген оймен Қарасай аудандық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеевадан ақпарат алған едік.
Өткен ғасырда кітапхананы «кітап ғибадатханасы» деп атайтын. Өйткені кітапханалар тек кітап, газет-журнал сынды басылымдарды сақтау, оларды оқырманға уақытша пайдалануға ұсыну орталығы ғана болды. Жазушылардың шығармалары қатаң цензурадан өтіп, баспадан жарыққа шыққан соң кітапханаларға жоспар бойынша түсіп тұрды. Сол кездегі кітапхана жалғыз ғана ақпарат орны болатын. Білімді кітаптан, ақпаратты газет-журналдардан алатынбыз. 1975 жылдардан бастап теледидар пайда болды. Ал 2000 жылдары интернет шықты. Бүгін біз керекті ақпаратқа, ән-күйге, фильмдерге үйде отырып-ақ қол жеткізе аламыз. Соның бәрі айналып келгенде кітапхана үшін бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Сондықтан кітапхана өз жұмысын өзгертуге тура келді. Заман талабынан сай технологияларды қолданып, кітап қорын бір мезетте көретін оңтайландырылған тәсілді де енгізген.
Жалпы, Қарасай аудандық кітапханасы 1928 жылы маусым айында Қаскелең станциясындағы шіркеу үйінің бір бөлмесінде ашылып, 1961 жылы кітапхана қайта жасақталды. Одан кейінгі біраз тоқырау жылдарынан кейін, 1986 жылы желтоқсан айында кітапхана салынып, жаңа ғимаратқа көшірілді. 1999 жылдан бастап дербес мәртебиеге ие болып, өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта Қарасай аудандық кітапханасына қарасты бір балалар, бір қалалық және 10 ауылдық кітапхана бар. Кітапханада 32 кітапханашының ішінде алтауы «Қазақстанның Құрметті кітапханашы», екеуі «Кітапхана ісінің шебері», екеуі «Кітапхана саласының үздігі», екеуі «Кітапхана ісінің ардагері» марапаттарының иегері. 2017 жылдан бастап бұл мекемені 40 жылдан астам кітапхана саласында еңбек өтілі бар, тәжірибелі маман Ұлдархан Өтеева басқарады.
– Карантиннен кейін халық сенім артқан депутаттың бірі «Кітапха-наларды жабу керек» деген сөзі осы салада еңбек етіп жүрген барша әріптес-тердің көңіліне тиді, – деді өз сөзінде ауданымыздың бас кітапханашысы. – Ежелгі заманнан келе жатқан кітапхана дамыған заманда неге жабылуы керек? Оның қоғамға, руханиятқа, әдеби, мәдени әлемге ешқашан зияны болмаған. Кітапханаға бөлінген инвестиция – бұл білім беру саласына, яғни, қоғамның дамуына жұмсалған қаражат. Депутат айтқандай, елордадағы кітапханаларды жауып, тек біреуін ғана қалдырып, оның өзін цифрлы қор ретінде жасау өте үлкен еңбек пен уақытты қажет етеді. Цифрлы кітапхана жасау үшін де алдымен қағаз кітап болуы керек. Егер кітап болмаса оны қалай цифрландырасың? Мысалы, бір кітапты цифрландыру үшін алдымен автордың келісімі керек. Сосын келісімшарт жасалады. Бір автордың бірнеше кітабы бар немесе 300-400 беттен тұратын том-том кітаптары бар. Сондықтан кітапханаларды жабу керек деп сарт еткізіп айтпас бұрын, осы мәселені біраз зерттеу керек еді. Кітапхана тек қана кітаптар қорын жинақтап қана отырмай, оқырман тартуға түрлі жобалар аясында барлық мекемелермен тығыз қарым-қатыныста жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы депутаттың бұл пікірін мүлдем қолдамады. Осы сәтті пайдаланып Президентімізге алғысымды білдіргім келеді. Қайта кітапханшылардың жалақысын көтеріп, осы саланың дамуына жағдай жасауды тапсырды.
Иә, расымен Ұлдархан Қаханқызының сөзінің жаны бар. Өйткені олардың жұмыстарымен танысу барысында, атқарылып жатқан ауқымды жобалармен ұлт руханиятының дамуына қосып жатқан елеулі еңбектерімен таныс болдық. Сөзіміздің дәйегі болу үшін кітапханада оқырмандар санының тұрақтылығын айта кеткен жөн. Өткен жылы 29 838 адам тұрақты жазылушысы болса, биылғы жылы олардың саны 30 мыңнан асқан. Республикалық кітапхананың «Оқитын ұлт» жобасы «Оқитын мектеп, «Оқитын колледж» деп аталатын жобалары білім ордаларында да жалғасын тауып, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға барынша жұмыстар істелуде. Тізе берсек олардың саны, тіпті, көп. Сондықтан оның ішіндегі бірнешесіне ғана тоқталсақ. Мәселен, «Мен өлкемді зерттеймін» жобасы аясында кітапхана қызметкерлері халық арасынан шығармашыл, танымалдығы аз, бірақ таланты жоғары жандардың шығармаларының насихатталуына жағдай жасайды. Сондай бір зерттеу кезінде Жібек жолы ауылынан Мақсұтқан Дәлейұлы есімді жазушының оқырмандармен кездесуін ұйымдастырыпты.
«1 көше 1 тарих» жобасының аясында «Біз Әуезовты оқимыз» деген республикалық байқауда аудандық кітапхана жүйелі жұмыс атқарып, ауыл халқымен тікелей жұмыс жасай білуінің арқасында бас жүлдені иеленген.
Ауданымыздың халқы жыл санап артып келе жатқандықтан кітапхана тапшылығы да сезіледі. Сондықтан, кітапханшылар кестеге сай әр ауылда кітапхана керуенін де ұйымдастырып тұрады. Сонымен қатар, бұл мекемеде заман ағымына сай цифрландыру жүйесі енгізілген. Атап айтқанда, 2003 жылдан бастап «WEB Рабис» бағдарламасына кітап қоры енгізілген. Қазіргі уақытта кітап іздеу кезінде қызметкерлер сөрелерден іздеп уақыт құртпай, электронды түрде шығарма авторын немесе атауын теру арқылы таба алады. Бұл оқырманның да, кітапханашының да жұмысын жеңілдеткені анық. «Құнды мұраны» цифрлау жобасы аясында тек аз экземплярда қалған кітаптарды сканерлеп, электронды нұсқасын жасап, QR-код арқылы оқуға мүмкіндік жасайды. «Qazneb» Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы, оның сайтына әр өлкеден шыққан ақын-жазушылардың кітаптары тіркеледі. Қазіргі уақытта аталған сайттың базасын біздің ауданнан шыққан 30 автормен келісімшарт жасалып, олардың шығармалары енгізілген.
Оған қоса орталық кітапхана ғимаратында «Кітапханаға кітап сыйла», «Букросинг бұрыштары» қарастырылған. Мұнда үйде жатқан құнды кітаптарды өткізіп немесе өзі оқыған кітаптың орнына басқасын қойып кете алады. Жоғарыда аталған ақпаратты жинақтауға барған кезімде, Раиса Едігенова есімді шығармашыл жанның кітап қорын баласы қоныс аударуына байланысты өткізуге келгенінің куәгері болдым. Осы уақытқа дейін 3000-ға жуық кітапты жинақтаған жанның бұл ұсынысын кітапхана ұжымы зор ықыласпен қабылдап, тіпті, сол кісінің құрметіне бұрыш арнайтындықтарын жеткізді.
– Кітапханаларға барушылар саны азайды, онда ешкім бас сұқпайды деген пікірмен келіспеймін. Оқырмандар тарапынан сұраныс жоғары, уақыт өткен сайын көбейіп келеді, – деді ауданымыздың бас кітапханашысы ойын түйіндеп. Қайта біздің ауданымызда ауылымыздан қашан кітапхана ашылады деп сұраушылар көп. 2019 жылы Анар Жандосова, Жания Аубакирова, Бақытжан Базарбай, Лаура Жақсыбаева, Азиза Өтепбергенова, Бану Сәрсенбай, Айгүл Кенжебекова деген бір топ ауданымыздың белсенділері Жандосов ауылынан өз қаражаттарына дүкеннің ғимаратын алып, ауыл халқына кітапхана ашып берді. Екі жыл бойы қызметкерге жалақы төлеп, өз күштерімен кітап қорын толықтырды. 2021 жылы мемлекеттің меншігіне өткізді. Енді бір өкінішті жайт ғимараты дайын тұрған мекемеге әлі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізуге ақша бөлінбей жатыр. Үш-төрт бөлмесі бар кітапхананың тек екі бөлмесінде ғана отыруға мәжбүр, өйткені жылу жүргізуді қажет етеді. Сондықтан осы мәселеге сала басшылары назар аударады деген сенімдемін.
Кітапхана қай жағынан алып қарасаңыз да, бюджеті аз саланың бірі. Қоғамға зиян келтірмейтін, керісінше рухани байлығымызды үстемелейтін даналықтың үйі. Кітапхана деген сөздің өзі санаға рух береді. Оны жабуды емес, санын көбейтіп, жұмысын жетілдіру бойынша қолдауды басты назарда ұстағанымыз жөн. Бүгінде кітапхана зиялы қауым өкілдерінің бас қосар тұрақты мекеніне айналды. Қоғам қайраткерлері, жас ақын-жазушылар, әр салада жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылып, жобалар іске асырылып жатыр. Қарап отырсаңыз, қоғамда үлкен дәрежеге шыққан тұлғалардың барлығы кітап арқылы өскен. Сондықтан мемлекет кітапханаларды сақтап қалуға, өсуіне, дамуына қаражат бөліп, қоғамға қажетті рухани даналық орталығы ретінде жасақтауы керек демекпін сөз соңында.
Бұрым ОРЫНБАСАР.