«Біз cаламатты өмір салтын қолдаймыз!» – деген ұранмен өткен аптада Қаскелеңдегі орталық стадионның алаңында, пробация қызметінің ұйымдастыруымен, кіші футболдан турнир өтті.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің соңғы жарияланған Жолдауында ел болашағы жастарды қолдау мақсатында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы ретте біздің ауданымызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай шараның бірі ретінде осы футбол жарысын айтуға болады. Алматы облысы бойынша ҚАЖ Департаменті Қарасай аудандық пробация қызметі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа пробация бөлімінде тіркеуде тұрған 25-тен астам адамнан құралған төрт команда қатысып, бой сергітті сондай-ақ, өзара кім мықтыны анықтады.
– Біздің бұл ұйымдастырып отырған жарысымыздың мақсаты тіркеуде тұрған адамдарға дұрыс жол сілтеу, оларды саламатты өмір салтына бейімдеу. Осы уақытқа дейін біз тіркеудегілердің қоғамға бейімделуін және өмірге деген көзқарасын өзгерту үшін бірқатар іс-шаралар ұйымдастырған болатынбыз. Мәселен, жуырда аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірігіп оларға өздерінің кәсіптерін қалай бастауға болатының түсіндіру мақсатында жиындар өткіздік. Нәтижесінде 50-ден астам адам жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмысқа орналасты. Ал, екі адам мамандық бойынша оқу оқып жатыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 4 желтоқсанында оларды сергіту үшін Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Атамекен» музейімен таныстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаменті Қарасай аудандық пробация қызметі басшысының орынбасары, әділет капитаны А. Сарсенова.
8 минуттан 2 тайм болып өткен жарыста барлығы да намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Матчтың төрелігін №1 балалар және жасөспірімдер мектебінің білікті қызметкерлері атқарды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Қаскелең қаласының командасы қанжығаласа, екінші орынды Райымбек ауылдық округінің командасы алды. Ал, үшінші орынды Әйтей ауылдық округінің командасы иеленді. Барлығына медальдар мен, аудандық дене шынықтыру спорт бөлімінің дипломдары табыс етілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.