Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен осы аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстанның 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланып, алдағы уақыттағы елдің дамуына бағытталған мақсат-міндеттер сөз болды.
Кеңейтілген Үкімет отырысына Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банктің төрағасы, министрлер, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, ұлтық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір әлем түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын айтып, жаһандық үдерістер алдымен еліміздің экономикалық жағдайына әсер ететінін жеткізді.
– «Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор», – деді Мемлекет басшысы. Одан кейін Үкімет пен әкімдердің атқарған жұмысы экономикалық даму көрсеткіштер мен халықтың тұрмыс сапасына қарай бағаланатынын айтты.
Президент өз сөзінде ел экономикасы жақсы болғанымен, мемлекетте шешілмей жатқан мәселелерді жоққа шығармады.
«Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады. Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек, – деді Президент. Сондай-ақ реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айтқанын ескертіп, Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс екенін нақтылады.
Бұл тұрғыда үнемдеу мәселесі сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек екенін түсіндірді.
«Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – деп ескерткен Президент Үкіметтің және және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталды. Оның біріншісі – экономиканы әртараптандыру.
Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылыпты. Олардың жалпы құны 1,3 триллион теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтаған. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болғандықтан, Президент өз сөзінде осы бағытта жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе ретінде инвестиция тартуды сөз етті.
«Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем», – деді Мемлекет басшысы.
Президент екінші мәселе ретінде инфрақұрылымды дамыту ісіне тоқталып, оны жаңа деңгейге көтеру қажет екенін ескертті. Одан бөлек энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысына қатысты мәселе қозғады.
«Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр. Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес», – деді Президент.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ әлеуметтік көмек, тұрғын үй қорын басқару жүйесі, көлік-логистика, халықаралық әуе хабын құру сияқты бірнеше мәселелерді айтып, Үкіметке тиісті тапсырма жүктеді.
Цифрлық технологияны дамыту жағы да сөз болды. Бұл ретте Президент жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту қажет екенін ескертті. Тіпті, оның тиімді екенін «Электронды үкімет» жүйесіне қолдануды алға тартты.
Үкіметтің бұл отырысында энергетиканы дамыту тақырыбы да ұмыт қалмады. Әсіресе, энергия тапшылығы артқандықтан, қоғам талқысындағы Атом электр стансасын салу құрылысы айтылды.
«Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Назар аударуға тұрарлық жайттың бірі – салық-бюджет саясатын реформалау. Президент бұл тақырыпқа кеңінен тоқталып, елімізде қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгенімен, бұл жүйенің нәтижесіз екенін және оған Үкімет жауапты екенін айтты.
«Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.
Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек», – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар әлеуметтік, білім, денсаулық сияқты бірқатар салаларда атқарылған жұмыстарды баяндап, осы бағытта жүзеге асатын бастамаларды түсіндірді. Одан бөлек биылғы Жұмысшы мамандықтар жылының маңыздылығына да тоқталып, соның аясында маңызды іс-шаралар мен ауқымды жобалар жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов те сөз алды. Ол өткен жылды қорытындылап, алдағы міндеттерді мәлімдеді. Айтуынша, өңірлер бойынша 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелген. Көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында байқалған.
Олжас Бектенов елдің қазіргі экономикалық өсу қарқыны баяу екенін түсіндіріп, салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шаралар қажет екенін жеткізді. Бұл ретте қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттырудың маңызды екенін айтты.
«Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларға қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнескежұмыс шылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді. Қосымша салық түсімі экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды дамытуға, басым сала дағы келешегі зор бизнес-жобаларды қолдауға бағытталады. Ұлттық қор қаражаты тек ірі инфрақұрылымдық жобаларды салуға ғана сұралады. Сонымен қатар мемлекеттік шығыстар тиімділігі артып, бюд жет тәртібі нығаяды», – деді Премьер-министр О.Бектенов. Осылайша Үкімет басшысы тарапынан елімізде қосылған құн салығы шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Десе де бұл шара шағын және орта бизнеске айтарлықтай әсер етпейтін көрінеді.
Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында неліктен ҚҚС шегін көтеру қажет екенін түсіндірді.
«Бізде даму бюджеті жеткіліксіз деңгейде, бұл салықтың аз жиналуымен байланысты. Шоғырландырылған бюджеттің салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты үлесі 20%-ды құрайды, ал республикалық бюджеттің салық түсімдерінің ІЖӨ-ге қатынасы тіпті аз – 10,8%. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 40%-дан асады. Десек те, ҚҚС-ның мәні бұрмаланып отыр, бұл – бұрынғы жылдары жүргізілген салық реформаларының салдары. 1995 жылдан 2009 жылға дейін ҚҚС мөлшерлемесі 20%-дан 12%-ға дейін, ал корпоративтік табыс салығы 30%-дан 20%- ға дейін төмендетілді. Бұл шаралар салық және инвестиция климатын жақсарту, елде кәсіпорындар мен инвестицияларды көбейтуді мақсат етті. Бір уақытта көптеген салықтық жеңілдіктер беріліп, жалпы салық жүйесі либералданды, ал салықтардың жиналуы азайды. Салықты оңтайландыруға мүмкіндік беретін заңды жолдар пайда болды, бизнес ұсақталып кетті. Ал ҚҚС іс жүзінде 12%-дық бөлшек салыққа айналды», – деді С.Жұманғарин.
Отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сулейменов, одан бөлек Астана мен Шымкент қалаларының және Қызылорда облысының әкімдері баяндама оқыды.
Жалпы айтқанда, Мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша Үкіметке үлкен міндет жүктеді. Атқарылатын шаралар ел көңілінен шығады деген ойдамыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.