Бүгінде қымбатшылық өршіп, азық-түлік бағасы аспандап тұрған кезде халық үшін әлеуметтік дүкендердің ашылуы – жақсы жаңалық. Олардың негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және төмен бағадағы азық-түлікті халыққа қолжетімді ету. Таяуда осы мақсатта ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Кемел» тұрғын үй кешенінде «Khan Gourmet» атты ет дүкені есігін ашты. Жаңа сауда нүктесінің өзгелерден айырмашылығы мұнда «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолдауымен игі жоба іске асырылған.
Аталған дүкен «Khan Gourmet» ЖШС-нің бастамасымен халыққа тауарларын ұсынады. Мекеменің өндіріс директоры Мұрат Жамалханұлының сөзіне сүйенсек, олар біраз жылдан бері тұрақты түрде 100-ден астам шұжық түрін шығарумен айналысып келеді. Зауыт заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Негізгі өндіріс орны Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында орналасқан. Кәсіпорын тәулігіне 30 тоннаға дейін, ал жылына 10 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Бүгінде мұнда 75 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Өнімдер қажетті сертификаттардан өтіп, облыс аумағында және Алматы қаласында фирмалық дүкендер арқылы сатылуда. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасына қатысып келеді. Айқын дәлелі ретінде «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Даму» қорының қолдауымен іске асырылып, Алматы облысы мен Алматы қаласында ашылып жатқан фирмалық дүкендерді айрықша атап өтуге болады. Соның бірі наурыз айында Қарасай ауданында да ашылды. Жоғарыда айтылып өткендей, оның ерекшелігі тауар бағаларының төмендігінде.
Мәселен, өзге дүкендерде 10 жұмыртқаның бағасы 750-800 теңге болса, «Khan Gourmet»-те – 500 теңге. 1 кг ұнның бағасы 300-400 теңге болса, мұнда – 110 теңге. Ал тұтынушы арнайы акцияға қатысып, дүкеннен шұжық, сардельки секілді ет өнімдерінен 2 келі сатып алса, онда 10 жұмыртқаны 450, 370 теңгеге, ұнның 1 кг 70, 50 теңгеден ала алады.
– Біздің дүкенде сатылатын негізгі өнім – ет. Яғни шұжық, жылқы, сиыр, тауық еттері, көкеніс пен жемістен жасалған жартылай фабрикаттар және тағы да басқа ет өнімдері. Әрине өзге дүкендерден қарағанда әлде қайда төмен бағамен. Сонымен қатар бізге бағдарламаға сәйкес «Даму» қорынан күріш, ұн, қант, май секілді бірқатар азық-түліктер бөлінеді. Оны да біз тұрғындарға өте төмен бағамен сатамыз. Ал баға жүйесіне келетін болсақ, оның бізде үш түрі бар.
Мәселен, тұтынушы бізден 2 кг ет алса, 1 литрлік күнбағыс майынның үш данасын 550 теңгеден, бес данасын 630 теңгеден ала аласыз. Ал егер ет керек емес десеңіз 1 л. майды 690 теңгеге алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, келген адам, тіпті, біздің акцияға қатыспаса да алар затын анағұрлым төмен бағамен сатып алады. Бұл бастама – ең бірінші кезекте «Khan Gourmet» ЖШС тарапынан мемлекеттің қолдауымен халық үшін жасалып отырған игілік. Алдағы уақытта да осындай жұмыстар жалғасатын болады, – деді Мұрат Жамалханұлы.
Осындай жұмыстар арқылы «Khan Gourmet» ЖШС Алматы облысының экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына үлкен үлес қосып қана қоймай, тұрғындардың қалтасын қақпай, тұрмысын түзеуге мүмкіндік жасап отыр.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
