Әлемдік дағдарыстың адам өміріне және экономикада терең із қалдыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, ол бұқарада кейбір дағдылардың қалыптасуына жетелейді. Оларды дағдарыстан кейін қаншама жылдар өтсе де анық байқауға болады. Мысалы, 1990-шы жылдары болған дағдарыс нәтижесінде Азия елдері әлі күніге дейін шетел валютасын жинаумен әлек. Германия «Веймар Республикасы» дәуірінде орын алған гиперинфляция, инфляция деген сөздің өзі Еуропа елдерінде адамдардың зәресін алады. 2008 жылы басталған әлемдік экономикалық дағдарыс күні бүгінге дейін сезіледі.
Енді, міне, вирустың пайда болуы және бүкіл әлем елдерінде тез тарауы экономикаға әсер етуде. Бірнеше аптаның ішінде адамдар «маска» тағуға дағдылануда, әлеуметтік және іскерлік жиындардың көпшілігі тоқтатылуда, алдын алу мақсатымен көбінесе азық-түлік тауарларын үйде жинауға дағдылануда, күнделікті жұмыс тәсілі өзгеруде, басқа қалаларға немесе елдерге іс-сапарлары, қарым-қатынасы тоқталуда. Тіпті, вирусқа шалдыққандар саны аз елдердің өзі аталмыш іс-шараларды қолға алуда. Бұл дағдылар вирус әсері тоқтатылғанның өзінде ұзақ уақыт сақталатыны мәлім. Экономика тұрғысынан қарағанда, бұл дағдылар ең алдымен әлемдік тұтынудың күрт азаюына әкеп соғады. Вирустың әсері әлемдік өндірушілерді де айналып өтпейтіні мәлім. Олар өздеріне қажет шикізаттарды қай мемлекеттерден алатынын және өз өнімдерін қай елдерде шығаратынын қайта қарастырады. Оның үстіне, өндірушілер жұмысшыларын қашықтықтан жұмысқа тартуға тырысады. Бұл да дағды ретінде қалыптасып кетуі әбден ықтимал.
Қорыта келгенде, вирустың әсері үш негізгі канал арқылы орын алады:
Біріншісі, мемлекет тарапынан өндірісті тоқтату талаптарының нәтижесінде. Қытайда, ең ірі кәсіпорындардың көбісі тоқтатылды. Осының салдарынан ірі автокөлік өндірушілері қажетті бөлшектеріне қол жеткізе алмай өндірісті тоқтатты. Италияда Премьер-министр тапсырмасымен азық-түлік тауарлар ұсынатындардан бөлек, бүкіл заттардың сауда-саттығы, ресторан және басқа да туристтік жерлердің қызметі тоқтатылды. Аталмыш шаралардың көпшілігі елімізде жүзеге асырылуда.
Екіншісі, кәсіпкерлер мен мекемелердің (соның ішінде жеке компаниялар мен жеке оқу орындары да бар) белсенді түрде вирустың кең белең алуына қарсы қадамдар жасауында. Мемлекеттің тапсырмасымен болсын немесе онсыз болсын мұндай іс-шаралар нәтижесінде көптеген қызметкерлер, жұмысшылардың жалақысы кесіледі.
Үшіншісі, жеке тұлғалардың қарым-қатынасы мен іс-сапарлары, шопинг, жиындар және басқа да әлеуметтік шаралар азаяды. Мұндай әрекеттер денсаулық, өндіріс, қызмет, сауда және транспорт, білім беру және басқа бүкіл секторларға әсер етеді. Мұның салдарынан өндіріс санының азаюына байланысты тұтынушы алатын тауарлардың бағасы артады. Өз кезегінде тұтынушы тараптың төмендеуі өндіруші ортаға әсер етіп қана қоймай, олардың жұмысшыларының жалақысының төмендеуіне ықпал етеді.
Вирустың қысқамерзімді кері әсері ұзақмерзімді экономикалық дағдарысқа айналуы ықтимал. Денсаулық секторындағы ресурстардың барлығы вируспен күресуге шоғырланғаннан кейін инфрақұрылымға жасалатын инвестициялар азаяды. Мектептер жабылады, студенттердің сапалы білім алуға мүмкіндіктері шектеледі, әл-ауқаты төмен студенттер мектепке немесе жоғары білім алу мекемелерінде білімдерін жалғастыра алмауы мүмкін. Мұның барлығы ұзақмерзімде адам капиталының құлдырауына жол ашады. Мәселен, Сиерра Леонеде Эбола эпидемиясының тарауына байланысты мектептер жабылды және жасөспірімдердің туу саны күрт артқаны байқалған. Оның ішінде жасөспірім аналар, әсіресе, оқуға оралуы ықтималы аз болып табылатындарды айтуға болады. Ата-анасының жағдайы балаларының денсаулығы мен білім деңгейінің төмендеуіне себеп болады. Осылайша, ұзақмерзімде денсаулығы жақсы, сапалы мамандар мен жұмыс күші азаяды. Сонымен, ұзақмерзімді жоспарда білікті және дені сау мамандардың тікелей вирустың тарауына байланысты. Иран және Қытай елдерін қоспағанда, вирус көбінесе дамыған елдерде тараған. Латын Америкасы және Африка елдерінде вирус салыстырмалы түрде аз. Оны жұқтырғандар көбінесе Бразилияда тіркелген. Дегенмен, дамушы елдерде вирус кейін тарауы мүмкін. Егер ондай жағдай орын алса, оның әсері бұл елдерде ұзағырақ созылады.
Коронавирустың (COVID-19) орташа дамыған және баяу дамушы елдерге әсері.
«Блумберг» сарапшыларының есебіне сүйенсек, жалпы өнім әлем бойынша $2.7 триллион азаяды, ал «Азия Даму Банкісінің» болжамына сәйкес әлемдегі өнім көлемі $77милиардтан $347 миллиардқа дейін төмендеуі мүмкін. OECD ұйымының баяндамасының мәліметінше, әлемдегі экономикалық өсу 2 есе азаяды.
Әлемдегі негізгі сарапта-машылардың болжамдарынша, вирустың баяу және орташа дамыған елдердің экономикасына әсерін мынадай мазмұндауға болады:
• «Бэйкер-МакКензи» мамандары вирус ең алдымен Африка елдеріне әсер етеді. Қытай өндірісінің күрт төмендеуі және соның нәтижесінде Қытайдың Африка елдерінен шикізат импорты азаяды. Осы ретте Африка экономикасының құлдырауы күтілуде. Оның үстіне, Қытайдың Африка үшін энергия мен минералды ресурстарға деген инвестициялары, сондай-ақ, қарым-қатынас пен туризм бәсеңдейді.
• «Азия Даму Банкі» 22 Азия елдерінің экономикасына қатысты сараптама жасай отырып, ең көп зардап шегетін елдердің қатарына Мальдивы, Камбоджа және Таиландты қосып отыр. Аталмыш елдер, негізінен Қытай серіктестері болғандықтан осындай жағдайға ұшырайды деген болжам бар.
• «Deutsche Welle» агенттігінің сараптамашылары Қытай өндірістерінің жабылуы алдымен Африка елдерінің тұтынушыларына әсер етеді деп жорамалдап отыр. Мысалы, Уганда импортының 1/4 бөлігін Қытай импорты құрайды. Оған қоса, ондағы өндіріс процессі тоқтаған. Неге десеңіздер, ол жақтағы өндірушілердің басым бөлігі Қытайдан екенін анық айтуға болады. Нигерияда күнделікті қажетті заттардың көпшілігі тапшы және соның салдарынан бұл заттардың бағалары күрт артуда. Зимбабве және Анголаның Қытайға экспорта едәуір азайған. Осының салдарынан көбінесе Африка елдері зардап шегеді деген көзқараста. Қытайдан туристер ағымының азаюынан Оңтүстік Африка 200 миллион юань шамасында кіріс азаяды деп болжауда сарапшылар.
• «Dai, Hu» және «Zhang» атты сарапшылардың «Қытай кәсіпкерлері және олардың инновация үрдісіне үлесі» атты баяндамасына жасалған анкета негізінде «сауалнамаға қатысқан фирмалардың 20 пайызы бір айда қызметін тоқтатады, ал 64 пайызы шамамен 3 айдан кейін қызметін тоқтататынын мәлімдеген».
Байқап отырғанымыздай, көптеген мамандардың пікірі бойынша вирустың дамушы елдердің экономикасына әсері өндірістің тоқтауы және Қытай экспортының азаюы салдарынан туындап отыр. Өз ретінде бұл Еуропа және АҚШ-тың экономикалық жағдайының әлсіреуінің негізі болуы мүмкін. Вирус тараған сайын көптеген елдердің экономикасының баяулағанын уақыт өткен сайын байқаймыз.
Вирустың ықпалы, әсіресе, әл-ауқаты төмен жандардың арасында сезіледі. Табысы жоғары немесе жағдайы жақсылар, әдетте, қосымша қаражаттарға, соның ішінде, мысалы, несиеге қолжетімді болады. Оның себептерінің бірі компаниялар, ірі фирмалар және басқа да тұлғалар кепіл болатын активтер жеткілікті. Ал, әл-ауқаты төмен тұлғалар, кіші және кейбір орта фирмалар кепіл болатын активтерінің болмауына байланысты құлдырауға бір қадам жақын болады. Сондықтан, дағдарыс жағдайында теңсіздік артуы байқалады. Тіпті, несие алуға мүмкіндік жасау мақсатымен Ұлттық Банк базалық мөлшерлемесін (несиенің пайыздық мөлшерлемесін) азайтқанның өзінде кепілсіз несие қолжетімді болмайды.
Есенғали ӨСКЕНБАЕВ,
Сулейман Демирел университетінің доценті,
экономика ғылымдарының PhD докторы, зерттеуші-профессор.