Ел Президентін сайлау үшін өз таңдауын жасаған жас қарасайлықтың бірі – Дариға Рахимжанова. Күні кеше 18 жасқа толған нәзік жанды бүгін Қаскелеңдегі «Еркенұр» балабақшасындағы №431 сайлау учаскеге барып, ең алғашқы сайлаушы ретінде тіркеліп, дауыс берді. Өз таңдауын жасаған жастың бірі болғандықтан сыйлыққа да ие болды.
Дариға Мұратқызының ойынша, ел тағдырын шешетін бұл сайлауда әрбір азаматтың дауыс беруі маңызды.
– Қазіргі кезде «Таңдау жасай алмаймыз. Менің дауысым ештеңе шешпейді» – деген сөздердің жетегінде жүретін кез емес. Мемлекеттің болашағы үшін бұл жауапты қадам деп есептеймін. Сондықтан Қазақтан Республикасының азаматы ретінде бүгін сайлауға барып өз дауысымды бердім, – дейді Қарасай ауданының ең жас сайлаушысы.
Дариға Рахимжанова – Қаскелеңдегі Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің түлегі. Аталмыш білім ордасында ең үздік оқушылардың бірі болып, талай олимпиадаларда оза шапқан. Бүгінде ол – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 2 курс студенті. «Ғылыми биология» мамандығында білім алады. Университет қабырғасында белсенді білімгерлердің қатарында десек артық айтқандық емес. Талантының арқасында былтыр өзі оқитын факультетте «Ең өнерлі ару» атанған.