Алматы облысының Мемлекеттік Бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен Қарасай жерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының алғашқы кезеңі басталды. ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығының дерегіне сүйенсек, кене энцефалитінің табиғи ошақтарындағы елді мекендерде жоспарлы акарицидтік іс-шаралары жоспарлануда. Бұл залалсыздандыру жұмысы Алматы облысы бойынша 738 көлемді қамтиды. Соның ішінде Қарасай ауданына 100 га аумақ қарасты. Нақты айтқанда, Үшқоңыр шатқалы – 47 га, Жандосов шатқалы – 3 га, Қаскелең шатқалы – 50 га.
Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы екі кезеңнен өтеді. Алғашқысы ағымдағы жылдың 7-21 сәуірі аралығында болса, ал екіншісі маусымның 2-нен 16-на дейін.
Айта кетейік, кене энцефалиті – қауіпті аурулардың бірі. Оның алдын алу үшін тиімді шара залалсыздандыру болып табылады. Кенелердің белсенділігі көктем кезінде басталатындықтан, халық арасында, әсіресе далалық жерде жұмыс істейтін, мал және егін шаруашылықтарымен айналысатын адамдар үшін қауіп осы мезгілде арта түседі. Сондай-ақ осы эпидмаусымда індетке шалдығу деректері тіркеліп тұрады. Қарасай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, 2024 жылы 368 дерек тіркелсе, бүгінгі таңда көктем басталғалы 35 жағдай анықталып отыр.
Өз тілшіміз.