Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары ІІІ сессияны қорытындылап, екі айлық каникулға шығып, өңірлерді аралауға кірісті. Халықтың мұң-мұқтажын көзбен көріп, мәселеге мән беріп жүретін халық қалаулыларының ел ішін аралауы жыл сайынғы үрдіске айналған. Осы мақсатта Қарасай жеріне арнайы ісспармен Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов келіп, аудандағы бірқатар проблемалық аумақтарды аралап, қоғамдық қабылдау өткізді
Қос депутат алдымен 10 мыңдай халқы бар Кемертоған ауылына барып, жергілікті тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Аталған елді мекен жылдар бойы су тапшылығының зардабын тартуда. Мұнда орталықтандырылған су жүйесі бар болғанымен, оның техникалық қуаты ауыл халқын толық сумен қамтамасыз етуге шамасы жетпейді. Себебі құбырларда қысымның жоқтығы байқалады және соның салдарынан кейбір көшелерге су келмейді.
«Алматының іргесінде отырсақ та, суға зәруміз. Көпшілігіміз құдық пен ұңғымадан ішеміз, сапасы нашар – иісі бар, тұнбасы көп. Құбыр тартылғанымен, қысым жоқ, су түнде ғана сыздықтап ағады. Ауылдың тек 20 пайызы ғана орталық сумен қамтылған. Ұңғымалардың көбі рұқсатсыз, онда санитарлық талаптар сақталмаған. Ал бұл тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді», – деп ашынды ауыл тұрғындары.
Бүгінгі таңда Кемертоған ауылының инфрақұрылымын жаңғыртуға 4,8 млрд теңге қажет екені белгілі болды. Оның ішінде ең өзекті мәселеге айналған таза ауызсуға қол жеткізу де бар. Нақты айтқанда, аталған елді мекенде жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ұзындығы 184,8 шақырым болатын су құбыры, екі су қоймасы, үш насос станциясы, дизельді генератор мен трансформаторлық қосалқы станция салу жоспарланған.
Депутаттар бұл мәселені назарға алып, Үкіметтің құлағына жеткізуге уәде берді. Максим Рожиннің сөзіне сүйенсек, осыдан 1,5 жыл бұрын дәл осы мәселе Қаскелеңде қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген.
«Қазір ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар әртүрлі тарифпен, сапасы күмән тудыратын жеке ұңғымалардан су тұтынып отыр. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша қажетті құжаттар мен жер телімі дайын. Енді басты мақсат – республикалық бюджеттен қаржы тарту. Бұл мәселе Үкімет қарауына ұсынылды. Премьер-Министр тарапынан бақылауға алынды. Бюджет нақтыланғанда қаржы бөлінуі тиіс. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының тікелей бақылауында. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында инфрақұрылымды жаңғырту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген», – деді Максим Рожин.
Халық қалаулыларының атбасын бұрған келесі орын – «Алматы-Бішкек» тасжолының 19 шақырымының маңы. Бұл жерде Қаскелеңге апаратын күре жолдың бойындағы кептеліс мәселесі талқыланды. Көлік ағынын жою мақсатында қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы тарапынан тиісті жоба қолға алынған. Оған қатысты ақпаратты аталмыш мекеменің Алматы облыстық филиалының директоры Ғани Мырзаханов жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда тасжолдың 19-27 шақырымы арасындағы күрделі жөндеуге байланысты гидрологиялық, геологиялық жұмыстар аяқталып, қоғамдық тыңдаулар өтті. Жобалау жұмыстарын қыркүйек айында сараптамаға өткізу жоспарлануда. Одан кейін бөлінген қаржыға байланысты құрылыс басталмақ. Ал Мәжіліс депутаттары тасжолға жауапты компанияға жұмысты жеделдетуді әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Алмалыбақ ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошағының жай-күйімен танысып, оның айналасында жүргізіліп жатқан инфрақұрылым жүйесіне де назар аударды.
Парламент өкілдері жұмыс сапарының соңында «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды алаңдатқан мәселеге мән берді. Талап-тілегін жеткізген қарасайлықтар әр салаға қатысты сұрақтарын жолдап, қолдау білдіруін сұрады. Соның ішінде Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақыновтың Жандосов пен Бекболат ауылдарына қажетті Мәдениет үйлерін айтуға болады. Мәселен, аталған алғашқы елді мекенге 200 адамға арналған мәдени ошағын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болғанымен, құрылысын жүргізу үшін 770 млн теңгеден астам қаражат қажет. Сонымен қатар бекболаттықтардың игілігіне сатып алынған Мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуге қаржы қарастыру керек. Осы мақсатта облыстық бюджетке өтінім берілген. Сағат Ұлтарақұлы аталған екі мәселені ауылдастардың атынан жеткізіп, қолдау білдіруін сұрады.
Қоғамдық қабылдау барысында одан бөлек, аудан бойынша электр қуатының тұрақсыздығы, Қайнар, Шалқар, Ұлан, Көлащы ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияның қажеттілігі, көлік инфрақұрылымын жаңғырту сияқты бірқатар жайттар айтылды. Сондай-ақ ең өзекті мәселе ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау таппай отырған бизнес-жобалар сөз болды. Ол жайында аудандық мәслихаттың депутаты Жанәділ Орынбай жеткізді. Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша бүгінде 2,7 млрд теңгеге 313 жобаның өтінімі жинақталып, оның ішінде 2,3 млрд. теңгеге 263 жобаның құжаттары «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясына» өткізілген. Алайда қазіргі уақытта 107 жоба ғана мақұлданып, 956,8 млн. теңгеге несие берілген. Қалған 156 жобаны қаржыландыруға тағы қомақты ақша қажет. Осы мәселе депутаттар назарына ұсынылды.
Мәжілісмендер тыңдаған тағы бір проблема – Сібір жарасы ошағының маңындағы халықтың жағдайы. Бұл ретте аудандық мәслихаттың депутаты Самат Толықбай 1267 тұрғынның өтінішін арқалап, мән-жайды түсіндірді. Айтуынша, Қарасай ауданы бойынша 10 сібір ошағының көмінділері бар болса, соның маңында орналасқан тұрғын үйлер санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, Қаскелең қаласында – 125, Қайрат ауылында – 768, Жамбылда – 200 және Бекболатта– 174, яғни барлығын қосқанда 1267 тұрғын үй. Бұлардың әрбірі санитарлық қорғау аймағында орналасқандықтан, үй иелері өз баспаналарын заңдастыра алмай отыр. Ал санитарлық талап бойынша кез келген нысан Сібір жарасы ошағынан 1000 метр радиус шамасында орналасуы тиіс. Самат Мәлікұлы осы мәселені оңтайлы шешу үшін арақашықтықты 1000-нан 200 метрге өзгерту жөнінде ұсыныс білдіріп, оны ҚР Заңнамасына өзгеріс ретінде енгізуін сұрады. Ал депутаттар бұл мәселе өте күрделі екенін және оған кәсіби мамандар араласу қажет болатынын алға тартты. Сондай-ақ басқа өңірде бұл проблема қалай шешіліп жатқанын айтып, оны тәжірибе жүзінде қарауды да ескерді.
Осылайша мәжіліс депуттарына барлық мәселе айтылды. Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов барлығын назарға алып, Парламент қабырғасында, оның ішінде әр салаға қатысты комитет отырыстарында, сессия барысында талқыланып, тиісті министрлікке сауал жолданатынын жеткізді. Әр проблема жіті қадағалауда болатынына сенім білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ